Перейти к содержимому

Ұмытуға болмайтын тарих

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 27-рет Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінде орналасқан Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алау жанында Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арналған дәстүрлі бір айлық еске алу вахтасы өтті. Оның басты қатысушылары – қала мектептерінің оқушылары. Олардың арасында ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің қамқорлығындағы «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубы да бар. 

Бүгінде жасөспірімдердің әскери-патриоттық клубтарының жетекшілері мен мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері Мәңгілік алау жанындағы Құрмет қарауылының қайта жаңғыруының бастауында тұрған кезеңдерді еске алады. Олардың айтуынша, алғашқы қарауыл 1980 жылы қойылыпты. Сол уақыттан бері Еске алу вахтасы жыл сайынғы маңызды шараға айналып, оған қатысу сол кездегі әрбір кеңестік оқушы үшін үлкен мәртебе болған.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл дәстүр біразға дейін үзіліп қалды. Алайда, 1999 жылы игі дәстүрді қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды. Содан бері жыл сайын 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында Алматыдағы білім ошақтарының оқушылары – оларды бағыттап, қолдау көрсететін әскери құрылымдар – шекарашылар, десантшылар, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері және өзге де сала мамандарының жетекшілігімен Мәңгілік алау жанында күн сайын қарауылға түседі.

Сырт көзге бұл шара кейбіреулерге жай ғана балалардың бос уақытын тиімді өткізуі немесе тәрбие шаралары сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл – мүлде олай емес, дейді Алматы қаласындағы №102 мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, «Краснознаменный крейсер Киров» әскери-патриоттық клубының негізін қалаушы Бақытжан Перімбетов.

«Мұнда өз әкелері, аталары мен бабалары – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, түрлі әскери салалардың ардагерлері туралы деректерді зерттеп, танып келген балалар жиналады» – дейді ол.

Айт кету керек, Алматы қаласында алғаш рет «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының негізін қалаған Б.Перімбетовтің айтуынша, Еске алу вахтасы – әскери-патриоттық клубтардағы жұмыстардың бір ғана бөлігі. Клуб мүшелері мұнда аптасына төрт рет қатысып, саптық дайындықтарын жетілдіреді, қару қолдану дағдыларын меңгереді, оқу-жаттығу полигондарына жиі шығады. Әсіресе жасөспірімдер жазғы демалысты асыға күтеді: бұл уақытта олар Үлкен Алматы көлінің жанына тұрған лагерге барып, Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Алмаарасан» шекара бөлімшесінің жанында тау дайындығынан өтеді. Осылайша, бұл тек әуестік емес, көптеген жас үшін болашақта еліміздің Қарулы күштері қатарында қызмет етуге жасалған нақты қадамға айналады.

«Олар бастапқы әскери дайындық, әскерге дейінгі даярлық және тереңдетілген дайындық бағдарламаларынан өтеді. 9-шы сыныпты аяқтаған соң, болашақ мамандығын таңдай бастайды: ҰҚК Шекара академиясына немесе өзге де отандық әскери жоғары оқу орындарына түсе алады» – дейді Бақытжан Перімбетов.

Бұл үшін кадеттер әскери оқу орындарының өмірімен танысып, Алматы гарнизоны оның ішінде Алматы облысы бойынша департаментінің аясында ұйымдастырылған түрлі шараларға қатысу арқылы өзінің қабілеті мен бейімділігіне сай болашақ мамандығын таңдайды.

Болашағын әскери мамандықпен байланыстыруды армандайтын мектеп түлектері үшін бұл – үлкен өмірге бастайтын алғашқы баспалдақ іспетті. Соның арқасында олар 11-сыныпты аяқтаған соң таңдаған әскери оқу орнына түсуге нақты мүмкіндік алады.

Міне, 9 сәуірде басталып, 9 мамырға дейін жалғасқан Еске алу вахтасы – желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына небір асыл қасиеттер сіңіргені анық.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА

ҰҚК Шекара қызметі 

Алматы облысы бойынша департаменті