Отан қорғаушылар күніне орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық округінің аймағында орналасқан «Арыстан» мамандандырылған лицейіне барды. Аймақ басшысын лицей директоры, генерал Мұрат Майкеев күтіп алды.
Аймақ басшысының келуіне орай, лицейде орта білім алумен қатар, әскери мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жатқан жасөспірімдердің бірнеше ротасы сап түзеп, рет-ретімен қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде рухты жауынгерлік әндерді шырқаған күйі шерулетіп өтті. Сондай-ақ қоян-қолтық ұрыс әдістері мен жаттығу түрлерін көрсетті. Соңында барлығы нағыз әскерилерше сымдай тартылып, алаңда сап түзеп тұрды.
Облыс әкімі лицей ұстаздары мен шәкірттерін мерекемен құттықтады.
– «Арыстан» мамандандырылған лицейі – мыңнан астам түлек тәрбиелеп шығарған білім ордасы. Бүгінде лицейді тәмамдаған түлектертің 356-сы Қазақстан Республикасының күштік құрылымдарында қызмет атқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда. Білім беру процесі заманауи технологияларға негізделген лицейде ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық сауаттылық, робототехника және инженерлік ойлау бағыттарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл – оқу ордасының сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жоғары әлеуетін айқындайтын нақты көрсеткіш.
Қазіргі таңда Алматы облысында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісі жүйелі жолға қойылған. Аймақтағы білім ордаларының базасында «Жас сарбаз» қозғалысы аясында 87 сынып пен 40 арнайы клуб жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам өрен «Жас шекарашы», «Жас авиатор», «Жас десантшы» секілді бағыттар бойынша әскери іс негіздерін меңгеріп, саптық дайындықтың практикалық дағдыларын шыңдауда.
Мемлекет басшысының еліміздің әр өңірінде «Бауыржан мектептері» үлгісімен әскери оқу орындарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда ауқымды жоба қолға алынды. Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп негізінде 300 орынды жаңа әскери мектеп-интернат ашуды жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл мекеме «Арыстан» мамандандырылған лицейімен тығыз іс-қимыл орнатып, сендердің озық тәжірибелеріңе сүйенетін болады. Алматы облысы Қарулы Күштеріміздің беделін арттыруға бағытталған әрбір бастаманы қолдап, өскелең ұрпақтың отаншылдық тәрбиесін әрдайым назарда ұстайды.
Қадірлі достар! Отанды қорғау – әр азаматтың жүрегінен орын алған қасиетті сезім, елге деген адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сендерге үлкен сенім артылып отыр. Бойларыңдағы батылдық, темірдей тәртіп пен жауапкершілік – мемлекетіміздің жарқын болашағы мен қауіпсіздігінің басты кепілі болатынына сенемін, – деді Марат Елеусізұлы.
Аймақ басшысы сондай-ақ бір топ ұстаз бен лицей шәкірттерін Алғыс хатпен марапаттады. Ресми бөлім аяқталған соң, оқу орнын аралап, оның жұмысымен танысты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
