Перейти к содержимому

“PATRIOT FEST” — ел рухын асқақтатқан жастар кеші

7 мамыр күні Отан қорғаушылар мерекесіне орай Еңбекшіқазақ аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шаған-Тоғай саябағында “PATRIOT FEST” атты жастар арбат кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру, әскери қызметтің маңызын дәріптеу және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру.

Мерекелік кеш барысында аудан тұрғындары мен жастарға арнайы концерттік бағдарлама қойылып, сахна төрінде патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар жастардың қатысуымен ұйымдастырылған шығармашылық қойылымдар, би өнері мен патриоттық бағыттағы көріністер көрермен көңлінен шығып, кештің мазмұнын айшықтай түсті.

Іс-шара аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ел бірлігін нығайтуға және жастар арасында рухани тәрбие қалыптастыруға бағытталған мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылды. Әсіресе, әскери-патриоттық бағыттағы өнер көрсетілімдері мен белсенді жастардың жалынды өнері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш барысында жастар өз өнерлерін ортаға салып қана қоймай, қоғамдағы белсенділіктерін танытып, ел болашағына бейжай қарамайтын азамат екенін көрсетті. Мұндай тағылымды шаралар жастардың бойындағы жауапкершілік сезімін арттырып, туған елге деген мақтаныш сезімін нығайта түсетіні анық.

“PATRIOT FEST” — тек мерекелік кеш емес, елін сүйетін, жерін құрметтейтін жалынды жастардың басын қосқан рухани алаңға айналды. Бұл кеш жас буынның патриоттық рухын көтеріп, олардың бойындағы елге қызмет етуге деген ынтасын арттырған маңызды шара болды.

Еңбекшіқазақ жастары — Тәуелсіз елдің жарқын болашағы, кемел келешегінің сенімді тірегі.

Құралай Мұратқызы