Перейти к содержимому

Брест қамалын қорғаушыға көше берілді

Жамбыл ауданының Еңбекшіарал ауылында Екінші дүниежүзілік соғыста Брест қамалын қорғау кезінде қаза тапқан Матқалық Дәуренбаевтың атына көше берілді. Салтанатты шараға өңір басшылығы, тарихшылар, аудан тұрғындары мен батырдың ұрпақтары қатысты.

Брест қорғаушысына арналған көшенің ашылуында облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байқожаев бүгінгі шараның маңызына тоқталды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына байланысты соғысқа қатысушылардың есімін ұлықтау жөніндегі тапсырмасын еске салды. Сол соғысқа қатысқан 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандықтың тең жартысы майдан даласында қаза тапқанын айтты. Хабар-ошарсыз кеткендердің ұрпақтары мен туыстары әлі күнге дейін аталарынан дерек іздеуде. Мемлекет басшысы боздақтардың рухына құрмет көрсету ісі дәстүрге айналу керектігін ерекше атап өтіп, былтыр республика бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Облыста 86 боздақтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында атына көше беру, тақтайша ілу жөнінде ономастика комиссиясының ұйғарымы мен мәслихат шешімі қабылданғанын жеткізді. Қуат Сұлтанұлы «Алатау арайы» газетінің жуырдағы санында жарияланған «Брест батыры» атты зерттеу мақалада Матқалық Дәуренбаевтың ерлігін автор ашып көрсеткенін атап өтті. Отан қорғауда ерлік көрсеткендердің есімін ұлықтау баршаның парызы екенін еске салып, батырдың ұрпағы мен жиналған көпшілікті өзінің және облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан Жеңіс күнімен құттықтады.

Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас өз сөзінде ел үшін еңбек еткен, жер үшін жанын қиған ержүрек батыр Матқалық Дәуренбаев есімінің ұлықталуы бейбітшіліктің қорғаны бола білген майдангерге деген кейінгі буынның құрметі екенін атап өтті. Бейбіт заманда шәкірт тәрбиелеп, білім мен парасаттың дәнін сепкен ұстаздың ел басына күн туған шақта қолына қару алып, Отан қорғаған ерлігіне тоқталды. «Оның өмір жолы тұтас бір дәуірдің шежіресіндей. Қатардағы жауынгерден аға сержант шеніне көтеріліп, әскери бөлімде тәртіп пен рухты нығайтуға атсалысты. Бұл оның ұйымдастырушылық қабілетін де көрсетеді. Жауынгерге туған ауылынан көше атауын беру – өткенге тағзым, ерлікке құрмет, ұрпаққа үлгі» — деді аудан басшысы Нұрлан Ертасұлы.

Шарада сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ләйлә Ахметова батыр туралы мұрағаттық зерттеуін бөлісіп, тарихтан тағылымды әңгіме тарқатты. Одан кейін көшеге орнатылған белгінің шымылдығы сыпырылып, мереке құрметіне аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің шағын концерті ұсынылды. Брест батырының ұрпақтары аудан орталығындағы «Диас» мейрамханасында Матқалық Дәуренбаевтың рухына құран бағыштап, ас берді.

Матқалық Дәуренбаев Алматыдағы қазіргі Абай атындағы педагогикалық университетті ауданда алғашқылардың бірі болып бітірген түлек. Қалада ұстаздық етіп, мектеп басқарған. Мектеп директоры болып жүргенінде 1939 жылы әскерге шақырылып, міндетін өтеу кезінде әскери газеттің тілшісі де болған. Соғыс басталғанда Брест қамалын қорғауға қатысқан. Содан хабар-ошарсыз кетіп, ұзақ жыл тағдыры беймәлім болып келген еді. Брест қамалын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқаны архив деректерімен дәлелденді. Кеш те болса батырға лайықты құрмет көрсетілді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы