Тазалық сақтауды әдетке емес, өмір салтына айналдыруды көздеген балқаштықтар таң ата сала сенбілік жұмыстарына кірісіп кетті.
Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов бастаған мекеме-ұйым басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ аудан тұрғындары Бақанас ауылындағы бірқатар көшелерді қоқыстан тазартты. Атап айтсақ, аудандық ішкі саясат, білім бөлімі, орман шаруашылығы және т.б. мекемелердің қызметкерлері сенбілікке қап, қолғап, күрек және тырма секілді арнайы құрал-саймандарымен келіп, Ахметов көшесінің бойына жиналды. Сонымен қоса дәл осы Ахметов көшесің бойындағы арықты және Әзербаев, Сейфуллин көшелерін қоқыстан тазартты.
Естеріңізге сала кетсек, 13 мамырдан бастап облыс аумағында жаппай көгалдандыру жұмыстары қолға алынған болатын. Осыған байланысты сенбілік барысында Бақанас ауылына кіреберіс жолға қарағаш тұқымдары да егілді. Алдағы уақытта жасыл желектерді суару, күтіп-баптау, қорғау тұрақты бақылауда болмақ. Бұл бастама Балқаш ауданының абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жандандыра түспек. Сонымен қоса тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыратыны сөзсіз.
Президентіміздің “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасы аясында басталған тазалық сенбіліктері аудан көлеміндегі 15 ауылдық округте өтті.
Өңірдегі мұндай игі шаралар қоршаған ортаны таза ұстауға әрі табиғатты аялауға бағытталып отыр.
Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы



