Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды санитарлық тазалық сенбілігі ұйымдастырылып, елдімекендерді абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар кең көлемде жүргізілуде. Осы орайда Іле ауданында да жан жылуын сыйлаған сенбілік өтіп, тазалық пен тағылым тоғысты. Игі шараға аудан тұрғындары, жастар ұйымдары, еріктілер қозғалысының мүшелері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен коммуналдық сала мамандары белсенді атсалысты.
Бұл жолғы сенбіліктің басты ерекшелігі – акцияның тек көшелер мен қоғамдық орындарды тазалаумен шектелмей, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға нақты көмек көрсетуге бағытталуы болды. Осылайша экологиялық мәдениет пен адамгершілік құндылықтар үндестік тауып, қоғамдағы жанашырлық пен өзара көмек қағидаттарын нығайтуға басымдық берілді. Акция аясында Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов аудан жастары және волонтерлермен бірге Байсерке ауылында тұратын жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне арнайы барып, тазалық және абаттандыру жұмыстарына қатысты. Еріктілер қарттардың аулаларын күл-қоқыстан тазартып, ретке келтіру, сырлау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар аула аумақтарына көшеттер отырғызылып, тұрғындарға әлеуметтік әрі моральдық қолдау көрсетілді. Сенбілік барысында көмек көрсетілген жандардың бірі – Валентина Васильевна. Ол 1952 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Шаңырағында жалғыз тұрады, 2020 жылдан бері арнайы әлеуметтік қызмет алады. Ал Раиса Яковлевна 1936 жылы Семей облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. 1943 жылы отбасымен Алматы қаласына қоныс аударып, 1954 жылы трикотаж фабрикасында еңбек жолын бастаған. 1991 жылы зейнеткерлікке шығып, 2000 жылдан бері Іле ауданының Байсерке ауылында тұрады. 2015 жылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет алады.
Аудан әкімі Қайыржан Серікбайұлы бастап қарттардың аулаларын тазалап, тұрмыстық жағдайларын ретке келтіруге атсалысқан еріктілердің еңбегі ауыл тұрғындарының ризашылығын тудырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың негізгі мақсаты – тек тазалық сақтау ғана емес, қоғамда қамқорлық, жанашырлық және бірлік мәдениетін қалыптастыру.
Жалпы аудан көлемінде өткен санитарлық тазалық сенбілігіне 2856 адам қатысып, 13 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 25 гектар аумақ тазартылып, 57 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар елдімекендерде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық орындар мен көшелер абаттандырылды. Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы Іле ауданында қоршаған ортаны қорғау мен елдімекендердің тазалығын сақтауға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналып отыр. Аудан тұрғындарының белсенділігі мен ортақ іске деген жауапкершілігі мұндай игі жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын аңғартады.
Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы



