☀️
18°C
Қонаев
Сенбі, Мамыр 16, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ел құрметтеген ел ағасы

    16.05.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Ел құрметтеген ел ағасы
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

    Киелі Балқаш өлкесінің төл перзенті, шаруашылықтың сан саласында жастайынан еңбек етіп, Күрті аудандық атқару комитетінің төрағасы, Балқаш аудандық ет комбинатының директоры қызметін атқарып, ел құрметіне бөленген, Алматы облысының және Балқаш ауданының Құрметті азаматы Балтағұл Молдақасымұлының өмір жолы туралы ой өрбітпекпіз.

    Балтағұл ағаның ата-бабалары Балқаш ауданының Бояулы ауылында тіршілік кешкен. Атасы Сабырбай осы аймаққа аты шыққан, медресе салып, бала оқытып, шәкірттер тәрбиелеген діндар адам болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, өз әкесі Молдақасым да арабша жаза алатын сауатты, ұжымшар басшысы болып, көп жыл қажырлы еңбек еткен жан еді.  Аудан  басшылары ол кісіні  жаңашыл басшы ретінде  құрметтеген.
    Балтағұл аға – атадан қалған жалғыз тұяқ. Ол он жасында әкесінен айырылып,  анасымен қалады. Жастайынан жұмыс пен оқуды қатар ала жүріп, мектепті аяқтап, Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтына түседі. Студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын бір адамдай бастан өткереді. Достыққа адал жандардың ортасынан табылады.
    Сол достарымен студенттік  кезеңнен кейін де араларын үзбей, туған ағайындай болып, араласып кетеді. Әсіресе институтқа түсер алдында танысқан жерлесі, менің ағам Болатхан Баймолдаевпен жастық шақта бір үзім қара нанды бөлісіп жеп, бірге жүреді. Студент кезінен белсенді болып, оқу мен қоғамдық жұмыстарға қатар араласады. Институттың  спорт секциясына жазылып, бос уақытын бекер өткізбей тиімді пайдаланады. Институт қабырғасында оқып жүрген жылдары  курстастары көбіне Балтағұл ағаның ақылына жүгінетін. Өйткені курстастарының біреуінің жасы үлкен, біреуі кіші, көбісі мектеп қабырғасын бітіре  салып оқуға түскендер. Ал  Балтағұл аға  оқуға түскенше  жұмыс істеп ысылған, өмір сынағымен ерте есейген азамат.
    Алға қойған мақсаты – барлық жағынан қатарынан қалмау емес, озық болу, сабағын жақсы оқу. Сол үшін де бос уақытында кітапханаға барып білімін ұдайы жетілдірді. Құрбы-құрдастарының да көңілін қалдырмай, қиналғандарына қолұшын беру, қамқорлық жасау да оның өмірлік қағидасына айналды. Бұл – ата күші мен ана сүтімен дарыған ағамыздың бойындағы асыл қасиет.
    Студенттік өмірінің  бір белесі – ақылына көркі сай Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының түлегі Жанкүміс жеңгемізбен ынтымағы жарасқан отбасын құруы.
    Оқуын бітірген соң ағамыз Жанкүміс жеңгемізбен бірге туған ауылына орал­ды. Бірден-ақ Бақанастағы аудандық малдәрігерлік станса бөлімінің санотрядына басшы болып орналасады. Қолдарында сиясы кеппеген жоғары білімдері туралы дипломдары бар екі жастың ендігі  мақсаты – институт қабырғасында алған білімдерін ел игілігіне жұмсау.
    «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жамандығын айт құты қашсын» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Осы орайда алдыңғы толқын ағалардың қамқорлығын айта кеткен жөн. Ел арасында  беделді, көп жыл ауданды басқарған, көпті көрген әділ басшы ретінде танылған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы  Аниятолла Ахметов ағамыз бен осындағы мекеме  басшылары да шетке теппей, қолдарынан келген жақсылығын жасады. Жас отбасының өмір жолы дұрыс басталуына Тоқтасын Сатыбалдиев, Қалтай Шымырбаев, Кеңесхан Қожабеков, Айтжан Есімов ағалар қамқорлық жасап, жұмысқа тұруына, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне көмектескен. Бұл жайында Балтағұл ағамыз бен Жанкүміс жеңгеміз жиі айтып отырады.
    «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» демекші, бұл адамдардың қамқорлық жасауы ағамыздың текті атаның ұрпағы екенін білетін болғандықтан шығар. Оның үстіне кадр тәрбиелеу, жас мамандардың қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беру, өз ісінің шебері болуына жағдай жасау сынды сол кездегі ұстанымдардың да жастарды қолдауға  игі ықпал еткені сөзсіз.
    Біршама уақыт өткеннен кейін  аудан­дық партия комитеті Балтағұл ағаның қолынан іс келетін кәсіби маман, шебер ұйымдастырушы екеніне көздері жетіп, аудандағы іргелі шаруашылық «Ақкөл» кеңшарына бас мал дәрігері етіп жібереді. «Жас келсе – іске» демекші, жас маман  ветеринария саласына байланысты шаруашылықтағы кетіп жатқан кемшіліктерді жойып, біршама жаңалықтар енгізеді. Тәжірибе жинақтай келе, малшы қауымының әлеуметтік жағдайы, мал шығынын азайту, азық­тандыру, асылдандыру мәселесі бойынша өз пікірін ортаға салып, оны жақсарту бойынша ұсыныстар айтып, оның жүзеге асырылуына күш салады. Бұл жерде де жақсы адамдардың көмегі тиеді. «Жолы болар жігіттің бетінен қақпа белін бу, алдыңдағы ағаңның етегін баспа, жолын қу» демей ме? Кеңшар басшысы Ақылбек Қалдыбеков  ағалық ақылын айтып, жол көрсетіп отырады. Ағаның  зайыбы Дінә апай Жанкүміс жеңгеміздің бір әулеттің бетінен қақпай еркелетіп өсірген қызы екенін ескеріп, оның үстіне «әр елдің заңы басқа» дегендей,  бұл жердің өмір салтындағы өз ерекшелігін түсіндіріп, үйретеді.
    Иә, бұл – өмір мектебі. Үлкендер кішілерге өнеге көрсетуі, жол сілтеуі, қамқорлығын танытуы заңдылық.
    Ақкөл шаруашылығы да ынтымағы жарасқан орта. Ел-жұрты құрметтеген көптеген республикаға танымал азамат­тарды тәрбиелеп шығарған қасиетті жер. Шаруашылықта істеген кезінде Балтағұл аға өзінің білікті маман, іскер азамат, ұжымда беделге ие жан екенін көрсете білді. Шаруашылық басшысы үнемі онымен санасып, ақылдасып отыратын. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды», мықты маман қай ортаға да керек. Сырттан  қадағалап, бақылап, мамандардың қабілетін саралап отырған партия комитеті Балтағұл ағаны Күрті ауданындағы «Бозой» кеңшарына басшы етіп тағайындайды. Ол кезде дирек­торлық лауазымға жету екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін. Кеңшар директоры – Қазақстан компартиясының номенклатурасында тұрған лауазым. Директорлыққа бұйрықты Ауыл шаруашы­лығы министрлігі береді. Ол уақыт «Бозой» шаруашылығының шатқаяқтап тұрған кезі еді. Шаруашылықтың басты кәсібі – мал шаруашылы мен егін  егу, көкөніс өндіру.
    «Шешінген судан тайынбас», мойныңа қамытты кидің бе, шаруаны түзету, жыл қорытындысын пайдамен аяқтау – басты мәселе. Сонымен бірге  қарамағыңдағы елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауылды абаттандыру, жұмысшыларға, жас кадрларға жағдай жасау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектеп пен бала­бақшаға қамқорлық көрсету де кеңшар басшысының міндеті. Ол кездегі шаруа­шылықтағы жағдай күрделі еді. Кеңсеге, мектепке, балабақшаға орталық жылыту қазандығына тартылған құбырлар әбден жұқарып, ескірген. Шірігені сонша, үстінен қатты бассаң, саусағың кіріп кетеді. Шаруашылықтың ұйымдас­тыру жұмысынан гөрі осы мәселелерді шешу қиынға соқты. Балтағұл аға түрлі қиындықты көріп, жас шағынан шыңдалған жан емес пе? Аз уақытта мұның да жолын тауып, шаруашылықтағы басты бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп, «Бозой» шаруашылығының табысын еселеп, қозы алу, ет өткізу, мал басын көбейтіп, шығынын азайту, өнім сапасын жақсартуға қол жеткізеді. Астық өнімі мен бау-бақша өндірісі дұрыс жолға қойылып, Алматы қаласын көкөніспен қамтамасыз етуге үлес қосады. Балтағұл аға кеңшарды басқарған жылдарда «Бозой» шаруашылығының экономикалық, әлеуметтік жағдайы жақсарып, үлкен жетістікке жетіп, облыс, аудан назарына ілініп, марапаттар алады.
    Облыс басшылары орталық комитетпен келісе келе, Балтағұл ағаны енді Күрті аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындайды. Бозой тұрғындары, жұмысшылар, малшы қауымы, шаруа­шылық қызметкерлері дастарқан жайып, жүрекжарды лебіздерін айтып, ағаны қимастықпен шығарып салады. Балтағұл ағамен сөйлесе қалғанда осы сәтті елжірей еске алып: «Мені халық осыншама құрметтеп шығарып салады деген ой  қаперіме кірмепті. Осынау тілектес, жандүниесі таза, кеңпейіл адамдардың аз да болса менің атқарған жұмысыма оң баға беріп  құрмет көрсеткендері әлі де көз алдымнан кетпейді. Ол адамдардың ақ көңілі мен шынайы пейілдерін ешқашан ұмытпаймын», – деп ағынан жарылады.
    Күрті аудандық атқару комитетінде қызмет істеген жылдары да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына білікті басшы ретінде өз үлесін қосты. Ауданның осы жылдары табысы еселеніп, жетістіктерге жетті.
    Уақыт өте келе жаңадан салынып жатқан Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы ет комбинатына бас директорлыққа тағайындалып, оның құрылуынан бастап,  кадрмен қамтылып, толыққанды жұмыс істеуіне дейін тынымсыз тер төкті. Аудан­ экономикасының артуына ет комбинаты үлкен үлес қосты.
    Осылайша қажырлы  еңбек еткен Балтағұл аға жасының келуіне байланысты зейнеткерлікке шықты. Жанкүміс жеңгеміз  ағаның қызмет бабының ауысуына қарай әр жерде түрлі қызметтер атқарды. Балабақша, кітапхана меңгерушісі болды. Балтағұл аға қуанса бірге қуанып, қиыншылығын бөлісіп, ең бастысы жабырқағанда жанында демеу болатын сүйеніші бола білді. Балтағұл аға мен Жанкүміс жеңге Айзат, Азамат, Алмас, Елдос есімді перзенттерді дүниеге әкеліп, тағылымды тәрбие берді.
    Бүгінде Айзат – републикалық деңгей­дегі алдыңғы қатарлы денсаулық сақтау мекемесінің басшысы. Азамат – танымал кәсіпкер,  меценат. Алмас та еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген жеке кәсіп иесі. Елдос болса, заң саласының қызметкері. Барлығы жоғары  білімді азаматтар.
    Балтағұл аға қайда жүрсе де өз туған жерін, кіндік қаны тамған ауылы – Бояулыны естен шығарған емес. Ауылдағы ағайын-туысқа, той-жиындарға жиі барып тұрады. Жерлестеріне қамқорлығын көрсетіп, көмек қолын созып келеді.
    Ағаның бойындағы ерекше қасиеті қандай қиын жұмыс болса да содан нәтиже шығармай тынбайтыны, еңбекқорлығы, кішіпейілділігі, адамдармен тіл табыса білетіні, кез келген жанға көмек беруге дайын тұратыны. Ағамыздың бойындағы бұл қасиет балаларына да дарыды. Азамат ініміз  еліміз егемендік алғаннан бастап кәсіпкерлікпен  айналысып келеді, бүгінде республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы бизнесмен. Үлкен атасы Сабырбайдың жолын қуып Алланың ақ жолына түсті.  Балтағұл ағаның ақылымен Бояулы ауылынан мешіт салдырып, діни оқу орталығы – медресе ашты. Медресе кітап­ханасына Сауд Арабиясынан орта Азияда жоқ 12 мың діни кітап әкелді. Медресенің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының бас имамы өзі арнайы келіп қатысты.
    Ауылға  мектеп, монша салды, көше­лерге ағаш егіп абаттандырды, жолды асфальттап, су жүйесін жөндеп, көшені жарықтандырып, ауылды газбен қамтамасыз етті. Балаларға арналған ойын алаңы бар саябақ ашып, елді қуантты. Бояулы ауылы Азамат ініміздің қамқорлығымен еліміздегі  инфраструктурасы дамыған, абаттанған алдыңғы қатарындағы көрікті ауылға айналды. «Тұлпардың ізін тай басады» деген халқымыздың даналығының көрінісіндей, Сабырбай, Молдақасым аталары мен әкесі Балтағұл ағаның жолын  Азамат жалғастырды.
    Жанкүміс жеңгемізбен өмір жолында қол ұстасып бірге келе жатқан, бүгінде Алматы облысының, Балқаш ауданының Құрметті азаматы атанған, бірнеше мемле­кеттік, облыстық, аудандық дәре­жедегі марапат иесі, қадірменді ел құрметтеген ақсақал, Балтағұл ағамыз­дың отбасына амандық, деніне саулық, ұзақ ғұмыр тілей келе, «80-ге келген жасыңыз құтты болсын, ұрпағыңыз өсіп-өніп, әулетіңіздің абыройы асқақтай берсін!» демекпіз.

    Тынышбай Досымбеков,
    мемлекет және қоғам
    қайраткері    

    Соңғы жаңалықтар

    Ел құрметтеген ел ағасы
    16.05.2026
    Тұлғаларға тағзым
    16.05.2026
    ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ
    16.05.2026
    Өркениет бастауы
    16.05.2026
    Ән қанатында
    16.05.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>