Кеген аудандық Мәдениет үйінде жергілікті өнерпаз Мақсат Бөтеевтің «Мақсатым – мәнді, өнерім – мәңгі» атты шығармашылық кеші өтті.
Мақсат Мәжитұлы 1976 жылы Кеген өңірін өнерімен тәнті еткен Бөтеевтер отбасында дүниеге келген. Жастайынан түрлі музыкалық аспапты меңгеріп, әншілік қабілетімен танылды. Кеген қазақ мектебін ойдағыдай тәмамдап, Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту колледжінде білім алды. Еңбек жолын музыка пәні мұғалімінен бастаған. Одан кейін Ақтасты ауылдық клубының меңгерушісі болды. Қазір аудандық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші әрі «Ереуіл» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жетекшісі ретінде табысты еңбек етуде. Ол басқаратын ұжым облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. 2019 жылы Талдықорғанда өткен «Ғасырлар үні» фестивалінде І орынды жеңіп алды. Өнер иесі «Үздік мәдениет қызметкері» атанып, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Кеш барысында өнерпаздың шығармашылық жолы кеңінен таныстырылып, репертуарындағы таңдаулы әндер жанды дауыста орындалды. Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков: «Бүгін өнер саласында өзіндік орны бар әулеттің қуанышында бас қосып отырмыз. Мақсат Мәжитұлының 50 жасқа толған мерейтойы құтты болсын!» – дей келе өнерпазды «Кеген ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нағима Таласбаева, аудандық мәслихат депутаты Біләл Мәсімбаев, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева, кәсіпкер Сабыржан Құсайынов, аудандық Мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Нұрбайұлы, «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі Ғалия Дарубаева құттықтау сөз сөйлеп, әншіге сый-сияпат көрсетті.
Кеште Кеген халық театры әртістері әннен шашу шашты. Ақындар Алмат Исәділ мен Шеризат Мекебаев арнау өлеңдерін оқыды
Осылайша, аудан тұрғындары мазмұны бай, тағылымы мол кештен ерекше әсер алды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы



