Перейти к содержимому

Ибалы қыз – ұлт болашағы

  «Қызын қырық үйден тыйып», ұлттың болашағы қыздың тәрбиесінде екенін білген бабаларымыз қыз балаға ерекше көңіл бөлген. Ибалы қызды ұлттың қазынасы санаған. Осындай қасиеттен қағылып, ұлттық тамырымыздан ажырап бара жатқанымыз бүгінгі қоғамның дерті. Әсіресе жастар арасындағы ерте жүктілік мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Осындай кемшіліктердің алдын алу мақсатында Ұйғыр ауданында келелі кеңес өтті.

 Бұл жүздесуде аудандық аналар кеңесінің мүшелері, денсаулық сақтау, білім беру, отбасын қолдау орталығының мамандары салиқалы сөз, салмақты пікір айтып, мәселенің мәнін талдап, жастар жайын қаузап, ерте жүктіліктің алдын алу жайындағы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар шараға Қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы, аудандық «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры, Шонжы политехникалық колледжінің, аудандық және ауылдық округтердегі мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Кездесу барысында аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжахан Әликеева жасөспірімдер арасында белең алып отырған ерте жүктілік мәселесіне кеңінен тоқталып, оның негізгі себептері, алдын алу жолдары, сондай-ақ денсаулыққа және болашақ өмірге тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндірді. Аталған тақырып аясында аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Ақмарал Мархабаева баяндама жасап, аудан көлеміндегі қазіргі ахуалға тоқталды. Ол ерте жүктіліктің медициналық тұрғыдағы қауіптері, ананың және болашақ баланың денсаулығына тигізетін әсері туралы нақты мәліметтер келтіріп, профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар аудандық «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Гаухар Шавдинова жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-психологиялық жұмыстар туралы айтып, отбасы тәрбиесінің рөлін күшейту қажеттігін жеткізді. Ал Шонжы политехникалық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Тастанова білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары, алдын алу шаралары жайында сөз қозғады.

Баяндамадан соң жастар арасындағы ерте жүктілік мәселесінің өзектілігі жан-жақты қарастырылып, оның себептері, салдары және алдын алу жолдары талқыланды. Бұл мәселе тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, білім беру жүйесіне, отбасы тәрбиесіне және тұтастай қоғамға ортақ жауапкершілік екені айқындалды. Келелі жиын келелі сөзбен тәмамдалды.

Балауса Маратқызы,

«Қоғамдық келісім және даму

орталығы» КММ

Ұйғыр аудандық бөлімінің жетекші сарапшысы