Алматы облысындағы ерекше туристік нысандардың бірі – «Көшпенділер қаласы» соңғы жылдары қарқынды дамып, саяхатшылар көп баратын орынға айналып келеді. Тарихи-этнографиялық сипатымен ерекшеленетін кешен қазақ халқының көшпелі мәдениеті мен көне тұрмысын таныстыруға бағытталған. Табиғи ландшафтпен үйлесім тапқан қалашық өткен дәуірді көз алдыңа елестетеді.
Бұл нысан алғаш рет 2005 жылы «Көшпенділер» фильмін түсіру мақсатында салынған. Кино түсірілімі аяқталғаннан кейін қалашық бұзылмай, туристік бағыт ретінде сақталып қалды. Бұған дейін «Қазақфильмнің» қарауында болған кешен 2025 жылдан бастап Қонаев қаласының коммуналдық меншігіне өтті.
Туристік ақпараттық орталығы туризм және инвестиция бөлімінің басшысы Фариза Сиқымбаеваның айтуынша, 2026 жылы нысанды дамыту аясында жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Аумақ толық тазартылып, санитарлық жағдайы жақсартылған. Сонымен қатар туристердің қауіпсіздігі үшін медициналық пункт пен полиция қызметкерлеріне арналған арнайы орын ашылып, автотұрақ пен қоқыс жәшіктері орнатылған. Келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биодәретхана қойылып, тазалық талаптары күшейтілген.
Қазіргі таңда кешенге кіру бағасы ересектер үшін – 1500 теңге, балаларға – 1000 теңге. Ал 5 жасқа дейінгі балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кіру тегін. Зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Туристер үшін қосымша демалыс қызметтері де ұсынылады. Олардың қатарында атпен және түйемен серуендеу, ұлттық тағамдардан дәм тату, фотосессия жасау және қайықпен саяхаттау бар. Қала маңындағы қысқа қайық бағыты 8000 теңге болса, Таңбалы тасқа барып-қайту құны – 15 мың теңге. Өзен жағасына орнатылған үлкен әткеншек те келушілердің қызығушылығын арттырып отыр.
Соңғы мәлімет бойынша, мұнда жылына шамамен 10 мыңға жуық турист келеді. Бұл орын, әсіресе, шығармашылық ұжымдар арасында сұранысқа ие. Мұнда түрлі бейнебаян мен тележобалар түсіріледі. Биыл Наурыз мерекесі де осы аумақта ұйымдастырылып, екі күн ішінде 3500-ге жуық адам демалған.
Қалашыққа арнайы барып келген Анатолий есімді турист бұл жердің ерекшелігіне тәнті болғанын айтады.
– Мен Қазақстанның табиғаты мен тарихи орындарын көп араладым. Бірақ «Көшпенділер қалашығының» атмосферасы мүлде бөлек екен. Өзіңді шынымен көне дәуірге тап болғандай сезінесің. Әсіресе Іле өзенінің жағасындағы көрініс пен ұлттық нақыштағы декорациялар ерекше әсер қалдырды. Мұнда тек демалып қана қоймай, қазақ халқының мәдениетін тереңірек тануға болады, – дейді ол.
«Көшпенділер қалашығында» қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазіргі уақытта аумақта өрт сөндіру құралдарын кезең-кезеңімен орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ былтыр салынған жаңа жол туристердің нысанға жетуін айтарлықтай жеңілдетті. Алдағы жоспарлардың бірі – Іле өзені арқылы Таңбалы тас пен «Көшпенділер қалашығын» байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салу. Жоба жүзеге асса, аймақтың туристік әлеуеті жаңа деңгейге көтерілмек.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ




