Киелі Кеген топырағында мектеп оқушылары арасында «Тәңіртау таланттары» атты аймақтық ән-күй байқауы өтті. Шараның басты мақсаты – Жетісу әншілік және күйшілік мектебінің өкілдері, өмірден ерте өткен өнер саңлақтарының рухын ұлықтап, олардың мол мұрасын жас ұрпаққа насихаттау.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Жақсылық Мырқаев пен Ерлан Стамғазиевтің, өнертанушы Базаралы Мүптекеевтің, халықаралық лауреат, фольклортанушы Ғалымжан Досанұлының есімдері мен шығармашылығы кеңінен дәріптелді.
Байқаудың қазылар алқасына төрағалық еткен Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев өнер додасының маңыздылығына ерекше тоқталды.
– «Тәңіртау таланттары» байқауына 40-тан астам жас өнерпаз келіп отыр. Жан досым Ғалымжан Досанов пен туған інім Ерлан Стамғазиевтің ізін жалғаған жастарды көріп, ерекше риза болып отырмын. Бесігінде ән мен жырға тербелген өнерлі ұрпақтың қатары көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады, – деді өнер майталманы.
Өнер сайысына Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандары мен Жетісу облысының Панфилов ауданынан іріктелген дарынды оқушылар қатысты. Олар «Дәстүрлі ән» және «Дәстүрлі күй» аталымдары бойынша бақ сынады. Әншілер халық әндері мен халық композиторларының, сондай-ақ қазіргі авторлардың шығармаларын орындаса, жас күйшілер ұлттық күй өнерін паш етті.
Байқау тек сахналық өнермен шектелмей, тағылымды экологиялық шарамен де жалғасын тапты. Мәдениет үйінің ауласына жас көшеттер отырғызылып, «Таланттар аллеясының» негізі қаланды. Бұл игі бастама – табиғатты аялау мен өнердің мәңгілік өміршеңдігін ұштастырған маңызды қадам болды.
Қазылар алқасының шешімімен үздік өнерпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, әншілер Ғалымжан Досанұлы, Ерлан Стамғазиев және Мәкен Әлиасқаров атындағы жүлделерге ие болса, күйшілер Рақыш Қожекеұлы, Мұқан Нұрсадықов және Базаралы Мүптекеев атындағы арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Байқауды ұйымдастырған облыстық білім басқармасы мен Кеген ауданының әкімдігі бұл өнер додасын алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы



