Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты. Кездесу барысында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі, саяжай мәселелері бойынша сауалдар қойылып, жауапты мамандар әр сұраққа нақты жауап берді. Осылайша оларды шешу жолдары айқындалды.
Алдымен Әркен Өтенов Алатау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша ақпарат берді. Айтуынша, биыл қала бюджеті 9,5 млрд теңге болып бекітілген. Қазіргі таңда жалпы құны 1,0 трлн теңге болатын 17 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың қатарында «ПепсиКо Орталық Азия» тұзды тағамдар зауыты, «Integrity logistics» индустриалды паркі, «Гриффин Логопарк» А сыныбындағы логистикалық кешені, «G-Trance Service» индустриалды-логистикалық хабы, «Mars» жануарларға арналған өнімі, «Etassa Fiber» фибропанельдер, «Sunny paper» қағаз шығаратын өндіріс, «Индустриальный горизонт» кабель құбырлары зауыты және өзге де ірі кәсіпорындар бар. Осы жобалар іске асқанда, 5000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

«Денсаулық сақтау саласы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында «Еңбек» және «Жаңаарна» шағынаудандарында екі фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Жетіген» және «Қоянқұс» шағынаудандарында 250 адамды қабылдайтын екі жаңа емхананың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Білім саласы бойынша өткен жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Gate City» қаласында 900 орынды мектептің құрылысы аяқталды. Қыркүйек айында балаларды қабылдайды. Биыл Қоянқұстағы №13, Жетігендегі №5 мектептерге күрделі жөндеу жүргізу үшін құжаттамасы әзірленуде. Ал Дәулеттегі №3 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға өтінім берілді. Алдағы уақытта «Жаңадәуір» шағынауданында жеке инвестор есебінен жаңа мектеп салынады», – деді ол. Сондай-ақ ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға ерекше қолдау көрсетіліп жатқанын, тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы да қарқын алғанын айтты. Сонымен қатар инженерлік-инфрақұрылым жобаларының жоспарымен таныстырып, интернет сапасын жақсарту да басты назарда екенін жеткізді. Айтуынша, мәдениет және спорт саласы бойынша «Жетіген» шағынауданында 280 орынды Мәдениет үйі мен «Заречныйда» 60 орынды спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Автомобиль жолдары саласы бойынша өткен жылы 13,7 шақырым жолға жөндеу жасалып, 19 шақырымға қиыршық тас төселген. Алдағы уақытта «11» шағынауданындағы 102 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін 23 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Аталған жобалар 2026-2027 жылдары іске асырылады.
Сұрақ-жауап бөлімінде су, жол және қаңғыбас иттер мәселелері бойынша сауалдар жиі қойылды. Мәселен, «Қоянқұс» шағынауданының тұрғыны судың таза келмейтінін айтып шағымданды. Жауапты мамандардың айтуынша, ондағы су ұңғымасы 70-жылдары салынған. Қазіргі таңда Іле ауданымен бірлесе жобалау жұмысы жүргізілуде. Биыл жобаға толықтай қаражат бөлініп, мердігерлер бекітілген. Бұл бағыттағы жұмыс былтыр басталған. Жыл соңында аяқталады. Саяжайларды қала құрамына кіргізу мәселесі де көтерілді. Алатау қаласының әкімі шаһар маңында 40-тан астам саяжай орналасқанын, оларды қалаға өткізу үлкен жұмысты талап ететінін жеткізді. Дегенмен бұл істің нақты жоспары бекітілген. Соған сай түйткіл өз шешімін табады. Кездесу барысында медициналық қызмет, білім беру, интернет мәселесі бойынша да сұрақтар қойылып, оларға тұщымды жауап берілді.
Жиын соңында Марат Елеусізұлы қаланың стратегиялық даму жоспары мен оның беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.
«Алатау қаласы отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып келеді. Бұл – өте маңызды. Себебі кез келген қаланың тұрақты дамуы ең алдымен экономиканың өсуімен, инвестициялық тартымдылығымен және жаңа жұмыс орындарының ашылуымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Алатау қаласы еліміздің жаңа өсу нүктесі ретінде қалыптасуда. Жақында қабылданған «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң – осы стратегиялық бағыттың маңызды бөлігі. Алатау қаласының құрылуы – Алматы агломерациясын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық шешім», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ 2026 жылы қаланы дамыту үшін облыс бюджетінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлінгенін де атап өтті. Оның ішінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат тікелей инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар түйткілді мәселелер облыс әкімдігінің бақылауында екенін және кезең-кезеңімен, жоспарға сай шешімін табатынын жеткізді.
Кездесуден кейін облыс әкімі Жетігендегі теміржол үстінен өтетін автомобиль көпірінің құрылысымен танысты. Жоба кептелісті азайтып, пойыз бен автокөліктердің бір-біріне кедергі келтірмей, еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Жүк тасымалының үздіксіз жүргізілуіне жол ашады. Бұрын теміржол өткелінде ұзақ уақыт тоқтап тұруға мәжбүр болған көліктер енді кедергісіз қозғалып, межелі жеріне жылдамырақ жетеді. Жоба Алматы агломерациясының көлік инфрақұрылымын жақсартып, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді. Марат Елеусізұлы нысанның өңірдің көлік-логистикасын дамытуда үлкен маңызға ие екенін атап өтіп, құрылыс сапасына ерекше мән берді. Сондай-ақ нысанды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Алатау қаласы




