Биыл 17 мамыр – ұлдарын әскер қатарына шығарып салған ата-аналардың көңілінде ерекше сақталып қалғаны анық. Өйткені дәл осы күні ҰҚК Шекара қызметінің сапына алынған «Көктем – 2026» шақырылымының жас сарбаздары Отан алдында ант қабылдады. Атап айтар болсақ, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында өткен рәсімге 200-ден аса сарбаз бен олардың алыстан ат арылтып жеткен ата-ана, туған-туыстары мен достары қатысты.
Жылдағы дәстүрге сай, биылғы рәсімге де сарбаздар үлкен дайындықпен келді. Бұл ретте ер азаматтардың өмірінде бір-ақ рет болатын маңызды оқиға – Отанына адал қызмет етуге ант беретін сәт те туды. Қуанарлығы, әскери өмірдің дәмін татып, саптық дайындығын шыңдауға кіріскен сарбаздардың арасында өздерінің азаматтық борышын өтеген соң Шекара қызметінде қалғысы келетіндер аз емес. Ант қабылдаушылардың арасынан ҰҚК Шекара академиясына оқуға түсіп, болашағын ел шебімен байланыстырғысы келетін сарбаздар да бар.
Ант қабылдау рәсімі Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Ж.Байсахановтың бұйрығымен ашылды.
Айтулы шараға Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Айдос Алиев, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, сондай-ақ әр жылдары ел шебінде қызмет атқарған шекарашы ардагерлер қатысып, шекара басқармасының ат шаптырым алаңында салтанатты сап түзеп тұрған сарбаздарды өздерінің ақжарма тілектерін арнады. Шекараның шетіне жаудың табанын тигізбеу үшін «күн отырмаған, түн ұйықтамаған» Тоныкөк бастаған батыр бабаларымыздың ізбасарлары – шекарашылар екенін айта келіп, «Отан қорғаушы» деген қастерлі мамандыққа сызат түсірмеуге шақырды.
Шекара басқармасында өтіп жатқан шараның әрбір сәтін қалт жібермеуге тырысқан біз күтпеген жерден қызық көріністің куәсіне айналдық. Алаң шетінде тұрғандардың бірі қолына «Зураб» деп жазылған аппақ шарды көтеріп алыпты. Елең ете қалдық. Демек, дәл қазір Зураб есімді сарбаз да саптық алаңның бойында сымша тартылып тұр. Ал шарды көтерген ата-ана, туған туыс немесе дос-құрбы өзінің осынау шекарашыға деген сағынышын осылай ерекше қадам арқылы білдіргісі келгендей… Неткен тапқырлық десеңізші?!
Ал мінберге жақын тұрған бір әжейдің мазасызданып тұрғанын көріп, өзін сөзге тарту үшін қасына жақындадық. Сосын: «Армысыз, апай! Мерекеңізбен! Байқауымызша, немереңізді көре алмай тұрған секілдісіз ғой?», деп сұрадық. Дәл тауыппыз. Бізден он-он бес қадамдай жерде тұрған сарбаздардың ішінен балапанын таппай тұр екен. Мейріміді көздері шуақ шашқан әжей: «Сәлемет бол, айналайын! Мына балаларым, немеремді әнеу жерде тұр дейді. Қанша қарасам да көзімнің жетпей тұрғаны…», – деп күлімсіреген әжейдің көңілін түсірмеу үшін біз де сап жаққа мойын создық. Осы кезде бізге жақын тұрған шекарашылардың бірі: «Апай, уайымдамаңыз, одан да жүріңіз, мен сізді балаңыздың жанына апарайын!», – демесі бар ма? Шынымызды айтсақ, аяқ астынан жол тауып кеткен шекарашының тапқырлығына риза болдық. Ал әжей болса екібастан. Қаруларын кеуделеріне қыса ұстаған қалпы, қатып қалған сарбаздардың жанына барып, немересін көрген бойда бірнеше айдан бері жанын жай таптырмаған сағыныштан көздері жасқа толып шыға келген кейуанадан білгеніміз, шекарашы атанған азаматының қуанышына ортақтасу үшін Жамбыл бабамыздың жерінен ат арылтып жеткен көрінеді. Таныстық, әжеміздің аты-жөні Олжатай Тасыбаева екен.
Ақыры көпшілік тағатсыздана тосқан шараның маңызды бөлімі басталып, сарбаздар ант қабылдауға кіріскен. Ал бұл – әрбір шекарашының осы сәттен бастап, Шекара қызметінің толыққанды шекарашысы атанғанын айғақтайтын. Енді оларды алда далалық полигон күтіп тұр. Мұнда сарбаздар шекарашылық шеберліктерін шыңдап, оқу базасында ел шебіне қажетті мамандық түрлерін игеретін болады.
Маңызды шараның соңы салтанатты шеруге ұласқан. Әрі қарай, шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сайыпқырандары қалың жұртшылықтың назарына шекара бұзушыларды құрықтау операциясынан сахналық көрсетілім ұсынды. Сондай-ақ сайдың тасындай іріктелген әскери қызметшілер жекпе-жек түрінен әдіс-тәсілдер көрсетті.
Жиын аяқталған соң сарбаздарға ата-ана, туған-туыстарымен кездесіп, Шонжы ауылына сейілге шығып қайтуға рұқсат берілді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаменті



