Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, сала қызметкерлерінің өңірдің рухани және мәдени дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
– Өнер – ұлттың жүрегі, ал мәдениет – оның рухани айнасы. Бұл құндылықтар адамзат өркениетінің берік іргетасын қалайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мәдениетті қоғам дамуының басты тіректерінің бірі ретінде айқындап, оны қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осы орайда Алматы облысында мәдени инфрақұрылымды дамыту, ұлт мұрасын ұлықтау бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда 30-дан астам мәдениет нысандарына түрлі жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Биыл да дәстүр бойынша айтулы тұлғаларымыздың мерейтойы тойлануда. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында ұрпақтар сабақтастығы сақталып, елдің рухани өзегі нығаюда, – деді мәдениет қызметкерлеріне ақ тілегін ақтарған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Өз кезегінде Марат Елеусізұлы Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлына «Құрмет» орденін, Н.Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінің директоры Қарлығаш Ахметбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалін, Еңбекшіқазақ аудандық Тұманбай Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің директоры Бауыржан Шаяхметов пен облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Олжас Смаиловқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады. Өзгеде сала үздіктерін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ номинациялар бойынша үздік деп танылған мәдениет мекемелері мен жеке өнер иелерін марапаттады. Атап айтар болсақ, «Үздік мәдениет үйі» қызметкері, «Үздік әдіскер», «Үздік әнші», «Үздік биші», «Үздік қолөнер шебері» деп танылған өнер иелеріне 150000 теңгенің сертификаты берілді. Ал «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік театр ұжымы», «Үздік мәдениет үйі» номинациялары бойынша жеңімпаздарға 500 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар жеке номинациялар бойынша үздік қызметкерлерге де арнайы сыйақылар берілді. Ал «Ең үздік мәдениет мекемесі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейіне «JAC S3 PRO» көлігінің кілті табысталды. Шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік концертте Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы және «Алатау әуендері» концерттік ұжымы, қазақ эстрадасының жұлдыздары Төреғали Төрәлі, Айдана Меденова, «Ұлы дала қыздары» тобы, «Alatаu voice» квартеті мереке салтанатын асыра түсті.
Ерзат АСЫЛ



