Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Халық әуені» концерттік-гастрольдік туры аясында 21 мамыр күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Алматы қаласындағы филиалының өнерпаздары Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында концерт өткізді. Жобаға «Қазақстан Халық Банкі» Акционерлік қоғамы демеушілік танытты.
Нарынқол ауылындағы Орталық алаңда өткен концертке аудан тұрғындары мен қонақтары жиналып, қазақстандық танымал эстрада өнерпаздарының өнерін тамашалады. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кеш жүздеген көрерменге ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.
Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүлеймен Ибрагимов, мәдениет қайраткері Перизат Омарбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанна Орынбасарова мен Бибигүл Қилымхан, халықаралық байқаулардың лауреаттары Мәди Рымбаев, Сая Махамбет, Гүлнар Көшенова, Райым Уайыс, сондай-ақ көрерменге кеңінен танымал «Меломен» және «Azia» топтары өнер көрсетті.
Концерттік бағдарлама барысында танымал эстрадалық әндер, халық сүйіп тыңдайтын хит шығармалар мен заманауи музыкалық композициялар орындалды. Тұрғындар керемет кештің соңында өнерпаздарға жылы лебіздерін білдіріп шығарып салды.
«Халық әуені» жобасы ел өңірлеріндегі мәдени байланысты нығайтып, кәсіби сахналық өнерді халыққа кеңінен насихаттауға бағытталған. Жоба аясындағы концерттер көрерменге сапалы музыкалық бағдарламалар ұсынып қана қоймай, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға да ықпал етуде.




