Перейти к содержимому

Мобильді топ мамандары марапатталды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ержан Сүлейменовтің бастамасымен Балқаш ауданына жоғары білікті мамандардан құралған мобильді топ келді. Ондағы мамандар Ресейдің Санкт-Петербург қаласында біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтаған. Бұл сапардың негізгі мақсаты – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ ауданның медициналық ұйымдарына емдік-практикалық және ақпараттық қолдау көрсету.

Арнайы мобильді топ құрамындағы педиатр Жанат Жамбылова, балалар нейрохирургі Рахим Ахмаров, психиатр Айша Ақшалова, неонатолог Жәмила Ағамұрадова, жалпы практикалық дәрігер Ләззат Нұрмұхамет, травматолог Айбек Халмұратов, хирург Айдос Оразбаев, акушер-гинеколог Дамира Қойжігітовалар шалғай орналасқан ауыл тұрғындарын қабылдап, сапалы медициналық қызмет көрсетті. Сонымен қоса, тұрғындарға білікті мамандардың кеңесі беріліп, қажетті медициналық скрининг ұйымдастырылды. Одан бөлек, ауыр диагноздар бойынша жоғары технологиялық, медициналық көмек көрсетілді. Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Данияр Нұрманов облыстың әр аймағынан келген дәрігерлерге Балқаш ауданы әкімі Азат Құтпанбетовтің Алғыс хатын табыстап, жылы лебізін білдірді. Осылайша Балқаш ауданына арнайы келген мобильді топ дәрігерлерінің арқасында тұрғындарға медициналық көмек қолжетімді бола түсіп, облыс орталығында ғана жасалатын күрделі ота аудандық ауруханада да сәтті өтті.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы

t>