Балқаш ауданының Бақбақты ауылында бой көтерген жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтіп, нысан халық игілігіне пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, балқаштық жұртшылықтың қуанышын бөлісті.
Одан бөлек Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, қазақ эстрадасының бірқатар жарық жұлдыздары да игі шараға қатысты. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі Марат Елеусізұлы өз сөзінде Балқаш ауданынан мақтан тұтар көптеген спортшының түлеп ұшқанын тілге тиек ете келе, бүгінгі нысанның бұқаралық спортты дамытуға және жастардың салауатты өмір салтын ұстануына бағытталғанын атап өтті.
– Балқаш ауданынан көптеген спортшылар қанат қақты. Бүгін қолдануға берілгелі отырған зәулім сарайдан да алдағы уақытта біраз спортшы шығады деген ойдамыз. Біздің бұл спорт кешенінің ерекшелігі осы ауылдың тумаларының атсалысуымен жүзеге асып отыр. Облыс көлеміндегі спортты дамыту мақсатында біраз шалғай аудандарға спорт кешендерін салдық. Ал ауылдың туып-өскен азаматтарының осындай спорт кешенін салуға мұрындық болғаны біз үшін ерекше қуантарлық жағдай болып отыр. Әрине, бұған спорт, экономика және т.б. басқармалар оң көзбен қарайды деген ойдамын. Осы спорт кешенін сақтап қалу, мұнда спорт түрлерін дамыту және балаларды спортқа баулу, нысанды толық іске қосу, ғимарат ішін балаларға толтыру өте маңызды, – деген облыс әкімі осы ауылдың қазығын ұстап, туған жердің дамуы жолында еңбек етіп, кейіннен немерелерін де туып-өскен өңірге баулыған қазыналы қарттарға алғысын айтты.
Мұнан соң мерекелік кешке арнайы келген қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Бағлан Әбдірайымов әсем әннен шашу шашып, бақбақтылық ағайынды бір серпілтіп тастады. Одан кейін сахна төріне көтерілген Балқаш ауданының құрметті азаматы, “Құрмет” орденінің иегері Сәтпаев Сапарғали Алтынбайұлы ауылдың құрылғанына биыл 60 жыл толғанын тілге тиек етіп, осындай спорт кешенінің бой көтеруіне ауыл азаматтары ұйытқы болғанмен, оның жүзеге асуына ықпал етіп, ауыл тыныс-тіршіліне баса назар аударған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке тұрғындар атынан ризашылығын білдірді. Мерекелік кеште сөз кезегі берілген ауыл қариясы Болат Басшыбаев атамыз жиналған жұртқа ақ батасын арнап, спорт кешені халық игілігіне қызмет етсін деген ақжарма тілегін де ақтарды.
Мерекелік шараға арнайы ән шашуымен келген қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жігер Ауыпбаев Бақбақты тұрғындарын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, әуелете ән шырқады.
Ауыл азаматтарының ұйытқы болуымен бой көтерген спорт кешенінің демеушісі, “Bereket-TK” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы, атымтай жомарт азамат Бейсенов Ербол Аманбайұлы сахна төріне көтеріліп, бақбақтылықтарды су жаңа нысанның бой көтеруімен құттықтап, болашақта Бақбақты ауылынан нағыз чемпиондардың шығатынын әңгімеге арқау ете келе, Балқаш аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрбол Нұрсұлтанұлына спорт кешенінің кілтін табыс етті. Осыдан кейін спорт кешенінің лентасы қиылып, әжелер тәттіден шашу шашып, жиылған қауым облыс әкімімімен бірге жаңа нысан ішін аралады.
Дәл сол сәтте Бақбақты ауылының спорт кешенінің ашылу салтанатына орай футзалдан 9-11 сынып оқушылары арасында аудандық турнир да басталып кетті. Айта кетейік, заманауи нысан “Bereket-TK” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Ербол Бейсеновтың жеке қаражаты есебінен салынды. Жоба құны 732 млн. теңгені құрайды. Жалпы аумағы 1007.05 шаршы метр. сыйымдылығы 30 орынға есептелген. Спорт кешенінде ойын залы (футбол, баскетбол, волейбол жарыстарына арналған әмбебап алаң), күрес залы (жекпе-жек түрлеріне арналған арнайы жабдықталған аймақ), стритуоркаут (ашық аспан астындағы заманауи жаттығу алаңы) және киім ауыстыруға, жуынуға арналған бөлмелер де бар. Сондай-ақ, спорт кешенінде футбол, баскетбол, волейбол, бокс/дзю-до және грек-рим күресінен секциялар ашылмақ. Онда спортпен айналысатын 242 оқушыны қамту көзделген.
Салтанатты шара басталғанға дейін Сәтпаевтар әулеті ас беріп, онда аралас жекпе-жек шеберлері Мақсұм Азат пен Шавкат Рахмонов, қазақ күресінен әлем чемпиондары Бейбіт Ыстыбай мен Руслан Әбдіразақ сынды ел абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың иығына зерлі шапан жапты.
Осылайша құрылыс жұмыстары 2025 жылдың маусым айында басталған жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты дүбірлеп өтіп, аудан өнерпаздарының өнерін тамашалап, құлақ құрышын қандырған бақбақтылық тұрғындар ендігі кезекте балаларын спортқа баулимыз деп, дән риза.
Алматы облысының құрметті ардагері, ауданның құрметті азаматы, зейнеткер Нұрсейіт Сарбасов нысаның ашылуына орай игі тілегін білдірді.
– Жаңадан ашылып жатқан спорт кешені ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады. Алдағы уақытта спортсүйер балаларымызға, олардың келешегіне қызмет етсін. Осыдан 60 жыл бұрын Бақбақты ауылы құм суырған дала еді, мінеки, бүгінде ауылымыз көркейіп, қала тектес ауыл болып жандануда. Жаңа нысандар, кешендер көбейіп жатыр. Бұл нысан да ауыл жастарын жеңіс жолына бастайтын жаңа кешен болары сөзсіз. Осындай игі істің басы-қасында жүріп, ауылымызға спорт кешенін тарту еткен азаматтарымызға көп рақмет, ғұмырлары ұзақ болсын!
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы



