Перейти к содержимому

Ұмытылмас әуен

Биыл – Тəуелсіздіктің 35 жылдығы. Сонымен қатар Ата Заңымыздың жаңаша қабылдануы да еліміз үшін аса маңызды, тарихи мəні зор оқиға. Бұл дүниежүзіндегі барша қазақтың ортақ қуанышы, ортақ мерекесі екені анық. Сонымен бірге биыл қазақ көшінің басталғанына да 35 жыл толып отыр. Осы бір айтулы күнге орай Алматы қаласында «Алматыда жаңа әуен» атты концерт өтеді.

Аталған ауқымды мәдени шараға «Жаңа әуен» компаниясы мұрындық болып отыр. Қазақ мәдениеті мен өнеріне өзіндік үлес қосып, отандық өнер жұлдыздарының шығармаларын Шыңжаң өңірінде кеңінен насихаттаған, Қытайдағы қазақтар арасында ширек ғасырдан астам танымал болған «Жаңа әуен» жобасы биыл Қазақстанда қайта жанданды.
Жоба жетекшісі, «Жаңа әуен» компанияның директоры Ербосын Нұрмұханұлының айтуынша, Алаш елі азаттығының айтулы жылнамасына орай өткелі отырған ауқымды кеште шетелде туып-өскен қазақ өнерпаздарымен қатар, Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары бір сахнада өнер көрсетеді.
«Қазақстанға қоныс аударғалы бизнес саласында еңбек етіп келемін. Осы аралықта оқырмандар мен көрермендер «Жаңа әуен» жобалары жайында жиі сауал қоя бастады. Міне солай өнерсүйер қауымының сұранысы бойынша жобаны қайта жандыруды қолға алдым. Жуырда еліміздің біраз өңірін аралап, «Жаңа әуен» өнерпаздарынан құралған шағын топпен концерттер өткіздік. Сол гастрольдік сапар барысында көрерменнің айрықша ықыласын сездік. Осыдан бір ай бұрын Астана қаласында «Атажұртта жаңа әуен» атты ауқымды концерт өткіздік. Аталған мәдени шара өте жоғары деңгейде өтті. Ол кеште Маржан Арапбаева, Сәкен Қалымов, Қажымұрат Шешенқұл сынды әйгілі әншілер сахнаның көркін қыздырды. Ал Алматыдағы кешімізде де Саят Медеуов, Жандос Қаржаубай бастаған өнер саңлақтары сахна сәнін келтірсе, арғы беттен атажұртын аңсап жеткен өнерпаздар өз өнерін жұртқа әйгілемек. Біз бұл жобада қазақтың мол ән мұрасын насихаттауға да басымдық береміз. Халқымыздың ұмыт болып бара жатқан байырғы әндерін қайта жаңғыртуды да маңызды міндет санап отырмыз. Алда бұл мәдени шараны өзге де облыстардың орталықтарында жалғастырсақ деген ойымыз бар», –дейді Ербосын Нұрмұханұлы.
Айта кетейік, «Алматыда жаңа әуен» концерті 28 мамыр күні сағат 19:00-де Республика сарайында өтеді. Билеттер almaty-ayenderi.kz сайты арқылы және Алматы Qazsound music орталығында (онлайн және оффлайн) сатылады.

Ермұрат Мұқырбай