Қонаев қаласында Алматы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ғимаратының құрылысы қарқын алды. Осыған орай бүгін нысан іргетасына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Жоба аясында 2 гектар жер теліміне 5 қабатты әкімшілік ғимарат, заттай дәлелдемелерді сақтау қоймасы, спорт зал, шағын футбол алаңы, бақылау өткізу пункті, фронт-офис, саптық алаң және автотұрақ салу жоспарланған. Құрылыс жұмысы 11 ай бойы жүргізіледі.

Шара барысында аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы Әлібек Төлепбергенов ғимарат іргетасына уақыт капсуласын салды. Марат Елеусізұлы өз сөзінде аталған нысан құрылысының басталуы өңірдегі құқықтық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы еліміздің қауіпсіздігі мен заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – өңірдің инфрақұрылым әлеуетін арттырып қана қоймай, қаржылық қауіпсіздік саласындағы қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жоспарланып отырған кешен заман талабына сай жабдықталып, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалмақ.Уақыт капсуласын салу – тек символдық рәсім ғана емес, болашақ ұрпаққа жолданған сенім мен жауапкершіліктің белгісі. Бұл нысан адалдық пен әділдік қағидаттарына қызмет ететін маңызды орталықтардың біріне айналады деп сенемін.Осы маңызды жобаның жүзеге асуына атсалысып жатқан барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Құрылыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына тілектеспін», – деді облыс әкімі.Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Үш блокты ғимараттың екеуінің іргетасы қаланып біткен. Құрылыс алаңында 12 техника жұмыс істеп тұр. 20-ға жуық адам еңбек етуде. Алдағы уақытта олардың саны 130-ға көбейеді. Құрылыс жұмысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.

