Қазақ халқы өз тарихында ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, жер аудару мен лагерьлер сияқты ең ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Мыңдаған отбасы туғандарынан айырылып, ұлт зиялыларының тағдыры қиратылды. Сол жылдардың қайғысы мен қасіреті ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Осындай тарихи зұлматты ұмытпау және бейбіт өмірдің қадірін жас ұрпаққа түсіндіру мақсатында Қонаев қаласында Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтті.
6654 әскери бөлімінің акт залында «Тарих таңбасы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараны Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің «Қонаев қаласының кітапханасы» КММ, Алматы облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі және 6654 әскери бөлімі бірлесіп өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – ХХ ғасырдағы қазақ халқы бастан өткерген қасіретті кезеңдерді еске алып, тоталитарлық саясаттың құрбаны болған азаматтардың тағдырын жас ұрпаққа таныстыру, тарихи сананы қалыптастыру болды.
Іс-шара саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Кеш барысында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жүрекке жететін өлең жолдары оқылып, сол кезеңдегі халықтың ауыр тағдыры жайлы кеңінен айтылды.
Еске алу кешінде Алаш қозғалысының қайраткерлеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамбетұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ зиялыларының өмір жолымен және олардың репрессия құрбаны болған тағдырларымен танысты.
Шара барысында «Зұлмат жылдар» және «Зұлмат жылдардың ақиқаты» атты бейнероликтер көрсетілді. Архивтік деректер мен тарихи кадрлар қатысушыларға сол уақыттың ауыр ахуалын терең сезінуге мүмкіндік берді.Кештің арнайы қонағы – Алматы облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің бөлім меңгерушісі Ұлбосын Керимбекова тарихи деректермен бөлісіп, «АЛЖИР», Карлаг және басқа да лагерьлерде мыңдаған жазықсыз жандардың тағдыры тәлкек болғанын айтты.Кеш соңында ұйымдастырушылар өткен тарихты ұмытпау, ел тәуелсіздігінің қадірін білу және боздақтардың рухына тағзым ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, отансүйгіштік рухын нығайта түседі.
Халық өз тарихын ұмытпаған кезде ғана, сол зұлмат жылдардың құрбандарының есімі мәңгі ел жадында сақталады.
6654 әскери бөлімінің баспасөз қызметі


