Биыл халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбы талқыланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысу үшін елордаға келген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына және делегация жетекшілеріне ілтипат білдірді.
Мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумда ЕАЭО аясында жасанды интеллект технологиясын енгізуге қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
«Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды.
Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейткен жөн.
Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді.
Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі.
Өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың практикалық маңызы зор.
Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
