Перейти к содержимому
Главная страница » ТАУЛАРЫМ МЕНІҢ – ТАҒДЫРЫМ!

ТАУЛАРЫМ МЕНІҢ – ТАҒДЫРЫМ!

Журналистика – жүректің ісі. Ал жүрекпен жазылған сөз ешқашан өлмейді. Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Алматы облыстық «Жетісу», «Алатау арайы» газеттерінің абыройлы тілшісі болған әріптесіміз Қанат БІРЖАНСАЛДЫҢ мәңгілік сапарға аттанғанына биыл үш жыл толып отыр. 2023 жылдың 30 мамыры – бұл күн Қанат ағаның отбасы үшін ғана емес, оны қадірлеген қалың оқырман үшін де қабырғаны қайыстырған қаралы күн болып қалды. Бірақ уақыт жылжыған сайын әріптесіміздің жарқын бейнесі жүректерден алыстамай, қайта сағынышқа айналып, биіктей түсуде. Қырық екі жыл ғұмырын журналистикаға арнаған асыл жан туған жердің әр тынысын тебіреніспен жазды. Елдің мұңын өз мұңындай қабылдап, халықтың қуанышын жүрегімен сезіне білді. Оның қаламынан туған әр мақалада туған топыраққа деген перзенттік махаббат, елге деген адалдық, ұлтқа деген жанашырлық сезіліп тұратын. Қанат Біржансал үшін журналистика жай мамандық емес еді, бұл оның тағдыры, өмірінің мәні болды. Ол шындықты сөйлетті, елдің үнін жеткізді, қарапайым халықтың жанайқайын жүрек сүзгісінен өткізіп, қағазға түсірді. Сондықтан да соңында қалған сөзі – халықпен бірге жасап келе жатқан рухани мұра. Бүгін біз газетіміздің қадірлі оқырмандарына әріптесіміздің жүрекжарды жыр жолдарын ұсынуды жөн көрдік. Халқына адал қызмет еткен Қанат Біржансалдың есімі де, жарқын бейнесі де туған елімен бірге мәңгі жасай береді.

Ақ бұлағы – арымдай!

Гүлдері қандай,
Ынтықпын оған жаныммен,
Сырласып жүрем,
Мұңдасып жүрем тауыммен.
Көк орай белі,
Құшағын жайып ып-ыстық,
Татқанмын талай,
Мәуілжіп тұрған дәмін мен.
Бұрқырап арша,
Бар тынысымды кеңіткен,
Жырымды жазғам,
Кең құшағына келіп мен.
Тоғайдың іші,
Толғанда құстар үніне,
Ғажайып әлем,
Жан жүрегімді еріткен.
Көк орай белдер,
Құрағы қалың ұйысқан.
Арайлап шыққан,
Келбетін ашты тұнық таң.
Мөп-мөлдір шығы,
Жүрегіме келіп қонақтап,
Жанында жүріп,
Бар мұңдарымды ұмытқам.
Саф таза ауа,
Тыныстай бергім келеді,
Самсаған шырша,
Өлкенің мынау өлеңі.
Жанына тарта,
Шақырып тұр ғой, жатсынбай,
Иісі аңқып,
Бұрқырап тұрған белеңі.
Құшағын жайды,
Еркелей аққан бал бұлақ,
Қиялай тартты,
Қырқаға қарай арғымақ.
Сыңғыр да сыңғыр,
Ақ моншақтарға беріліп,
Қалғандай мүлде,
Көңілім тасып, жан құлап.
Жұмағы жердің,
Жетпейді мынау тауыма,
Жайдары кеші,
Ыстық қой таңы жаныма.
Бүлдіргені мен,
Қарақаты көзге тізіліп,
Қасында жүріп,
Құшағын әркез сағынам.
Күн құшағында,
Армансыз өткен бал күнім,
Ұмытам қалай,
Оранған талай шалғынын.
Гүлдерін сүйем,
Ақ бұлақтары – арымдай,
Тауларым менің,
Жан жырым менің – тағдырым!

Қарабұлақ

Бөлтірік ақын шыққан Қарабұлақ,
Жаныма бара жатыр далаң ұнап.
Жаңа ән естілердей құшағынан,
Жаңа жыр жаздым бүгін оянып ап.
Ауылы Бөлтіріктің құт мекені,
Бір аппақ тауларынан бұлт көшеді.
Ақынның жыры менен рухы ма,
Ғажайып бояп қойған түске сені.
Бөлтірік күйі естіліп кең даладан,
Қайың, тал, көз тартады бозқараған.
Қырынан көкемарал иісі аңқып,
Әркім-ақ келбетіне көз қадаған.
Көтерген ел-жұртының жүгі нардай,
Тұп-тұнық мөлдіреген суы балдай.
Сергітсе ой-санаңды таза ауасы,
Жүрегің қыр гүлінен жылынардай.
Мекені, ақын ауылы Бөлтіріктің,
Еркелей құшағына келші құт Күн!
Өлмейтін ақын рухы демеп тұрған,
Ауылды көрмеген жан көрсін, ұқсын!

Көлсай

Гауһар жүзіне әдемі толқын тізілген,
Көк құрағынан мөлдір моншағы үзілген.
Көкпеңбек көлдің келбетіне
көз сап қырқадан,
Иіскедім барып қызыл да жасыл
гүлін мен.
Осында дерсің – ертегі әлем,
мың бір күн,
Көрікті Көлсай аумағы толған
сыңғырлы үн.
Көкпеңбек көлге көзімді қадай қуана,
Аппақ жанымды тұп-тұнық
ойға жүздірдім.
Көңілді мұнда шыршадан құлап
күн аулай,
Мөлтілдеп жұлдыз, қиылып айы тұрардай.
Саумал бір самал жаныңды
сондай сергітіп,
Тұп-тұнық әлем жанарыңа
келіп тұнардай.
Жап-жасыл ғалам, әдемі толқын әдемі,
Көрікті Көлсай сұлулықтардың әлемі!
Шуақты етер сәттердің бәрі осында,
Айналаң түгел ғажайып күй мен ән өзі.
Сүйкімді гүлдер, көз тартқан
сұлу шыршалар,
Өріліп тасы өріне тартқан қырқалар.
Ерке толқындар жырың боп
сенің шертіліп,
Мөп-мөлдір әлем әнің боп
сенің шырқалар.
Көкейден, ойдан кетпейтін жатсаң, тұрсаң да,
Көлсайдың көркі жүрегіңе әкеп
гүл тағар.

Сыр

Жақсы жандар – жанымнан сыр бөлерім,
Жылы сөзін, көңілін – күн көремін.
Қиянаттан қорқамын, жамандықтан,
Ізгілік пен жақсылық – іздегенім.
Аялаған жандармыз ардақтыны,
Ізгі ісін тұрады жалғап күні.
Қолдан келсе әйтеуір адамдарға,
Жасағым кеп тұрады бар жақсыны.
Жамандықты ойламас жатқа жаным,
Ізгіліктен білемін бақ қонарын.
Өзгермеген бойымда келе жатыр,
Ақ тілегім, ақ жаным, аппақ арым!
Жан жүрегім талпынып ізгі арманға,
Қуанамын қызғалдақ бүр жарғанда.
Бір-бірімен сыйласып, жақсы көріп,
Өтсе деймін адамдар бұл жалғанда?!

Қуандырсам болғаны

Көз алдыма мөлдіреп сен келесің,
Ұялаған жансың ғой, кеудеме шын.
Аппақ таңдар мұңымнан сейілтіп бір,
Ару Күнім көгіне өрмелесін!
Талай күндер кетсем де жолығыспай,
Неге екенін жүремін сені ұмытпай.
Күнім-күнге жалғанып бара жатыр,
Кеудемдегі сарытап сағыныштай.
Күнді кешіп жүргенде сезімдермен,
Көз алдыма келеді сенің бейнең.
Бір қиырда жүргендей жол іздеумен,
Шаршап барып ойлардан көз ілгем мен.
Құлағыма келгендей сенің үнің,
Көңілімнің нұрланды төрі бүгін.
Жүрегі ақ жандардың серігімін,
Қуандырсам болғаны сені, күнім!