1949 жылдың қараша айындағы Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында балаларды қорғау күнін атап өту жөнінде шешім қабылданған. Бұл бастама БҰҰ тарпынан қолдау тауып, 1950 жылдан бастап дүниежүзінің көптеген елдерінде Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде мерекеленіп келеді. Балдырғандардың қуанышқа толы жарқын мерекесіне орай Алатау қаласының аумағында орналасқан 6654 әскери бөлімінде «Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ!» атты мерекелік шара өтті. Мақсаты – балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, отбасы құндылықтарын нығайту және белсенді отбасылық демалысты ұйымдастыру.
Шара барысында әскери қызметшілердің балалары бөлім ауласындағы техникаларды тамашалап, мініп көріп, суретке түсті. Сонымен қатар балалар назарына кинология орталығы арнайы үйретілген қызметтік иттерінің өнері ұсынылды. Аталған орталық қызметкерлері иттерді үйрететін құралдарды, оларға берілетін тамақ түрлерін және жетістіктерін көпшілікке таныстырды. Сондай-ақ балалар қару-жарақ пен заманауи байланыс құралдарының түрлерін де өз көздерімен көрді.

Мерекелік шара аясында «Әкем, анам және мен тату отбасы» отбасылық эстафеталық сайысы өткізілді. Жарыс қорытындысында бірінші орынды «Ұлан» командасы жеңіп алды. «Барыс» командасы екінші орынды еншілесе, «Сұңқар» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз және жүлделі орынға қол жеткізген командаларға бағалы сыйлықтар табысталды.

Бүгін 6654 әскери бөлімінде ең жарқын әрі мейірімді мерекелердің бірінен саналатын Балаларды корғау күнін атап өтудеміз. Бөлім қызметкерлерінің балаларына арналған бұл шараны тәрбие, дене дайындығы және әйелдер кеңесі бірлесіп ұйымдастырдық. «Қуанса, бала қуансын» демекші, осынау айтулы күнді мереке ғана емес, кемел келешекке бағдар жасайтын маңызды шараның бірі ретінде қарастырып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастыруды парыз тұттық. Өйткені бала – біздің болашағымыз, бақытымыз және өміріміздің мәні, – деді 6654 әскери бөлімі әйелдер кеңесінің төрағасы, кіші сержант Айгерім Қапарова.
Шара соңында балалар аниматорлармен бірге ойын ойнап, ән салып, би биелеп, мәре-сәре болды.


