Перейти к содержимому
Главная страница » Өрт сөндіру бекеті ашылды

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Кеген ауданы Саты ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Еркебұлан Тергеусізов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңадан бой көтерген бұл нысан тек Саты және Күрметі ауылдарының өрт қауіпсіздігін күзетіп қана қоймай, өңірдегі басты туристік бағыттардың бірі – «Көлсай көлдері» ұлттық паркі аумағының қауіпсіздігін айтарлықтай күшейтеді.

Бұл жоба ТЖМ-ның ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі жүйесін дамытуға бағытталған арнайы ведомстволық бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.

Салтанатты шарада сөз алған Шыңғыс Сайранұлы жиналған қауымды  жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жаңа ғимараттың символикалық  кілтін Кеген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Қадыр Дәуренге салтанатты түрде табыс етті.

Одан кейін сөз кезегі ауыл тұрғыны Ерғали Мамыровқа берілді. Ерғали Білдебайұлы өрт сөндіру бекетінің маңыздылығы туралы сөз қозғады.

Салтанатты шара барысында бөлімшеге арнайы өрт сөндіру техникасы, заманауи байланыс құралдары, өрт сөндірушілерге арналған кәсіби киім-кешектер, жедел әрекет етуге қажетті барлық техникалық жабдықтар табысталды.

Бұдан соң ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ресми түрде жаңа ғимараттың лентасын қиды. Одан кейін шараға келгендер нысанның ішін аралап көрді.

Айта кетейік, нысан қазынадан бірде-бір теңге жұмсалмай, бюджеттен тыс қаражат есебінен салынды. Жергілікті жанашыр кәсіпкер Қанат Үскеновтың қолдауымен ғимарат рекордтық мерзімде, небәрі 25 күн ішінде тұрғызылып, пайдалануға берілді.

Құтқарушылардың сапалы қызмет етуі үшін ғимарат ішінде барлық жағдай жасалған. Онда жедел шақыртуларды қабылдайтын диспетчерлік пункт, кезекші құрамға арналған жайлы демалыс бөлмелері мен заманауи асхана, арнайы техникалар мен өрт сөндіру құрал-саймандарын сақтайтын бокстар қарастырылған. Бекетте жергілікті еріктілерден құралған жасақ тәулік бойы тапжылмай кезекшілік атқарады.

Алматы облысы бойынша соңғы бір жылдың ішінде осындай 12 ерікті өртке қарсы құрылым ашылды. ТЖМ басшылығы атап өткендей, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының негізгі мақсаты – кәсіби өрт сөндіру бөлімдерінен алыс жатқан шалғай ауылдардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын барынша қысқарту.

Жаңадан ашылған бекет төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, елдімекеннің тыныштығын  сақтауға қызмет ететін болады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы