Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысында олимпиада жеңімпаздары мен үздік түлектер марапатталды

Алматы облысында олимпиада жеңімпаздары мен үздік түлектер марапатталды

    Алматы облысының Білім басқармасы Қарасай ауданындағы «Арман дала» оқу-сауықтыру орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дарынды оқушылармен кездесу өткізді. Іс-шара барысында Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған Еңбекшіқазақ ауданының түлегі Али Айдынұлы Лоянға 500 мың теңгелік сертификат табысталды. Ал салтанатты шараның басқа қатысушылары олимпиадалар мен байқауларда иеленген орындарына қарай 70, 50 және 30 мың теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды.

Кездесуге халықаралық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқаулардың 129 жеңімпазы мен жүлдегері қатысты. Одан кейін Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды оқу жылының табысты аяқталуымен және Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Дарынды жастарға жаңа жетістіктер мен жеңістер тілей отырып, ол Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан ақшалай сертификаттарды табыстады.

«Қымбатты балалар, жас дарындар мен болашақ көшбасшылар! Сіздерді шуақты жаздың алғашқы күнімен және ең жарқын мереке – 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Қайрат Ізбасарұлы сөзінің басында. – Балалық шақ – адам өміріндегі ең бақытты, армандар мен үміттерге толы ғажайып кезең. Ал біздің Алматы облысының балалары – тек біздің мақтанышымыз ғана емес, осы өңірдің, бүкіл еліміздің баға жетпес байлығы мен жарқын болашағы.

Президентіміз атап өткендей, «Әділетті Қазақстанды» құру – білімді, тәрбиелі және дарынды жастардың қолында. Соңғы үш жыл облысымыз үшін табысты жыл болып, дарынды балаларымыз ерекше жетістіктерге қол жеткізуде.

Ағымдағы оқу жылында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада  34 оқушы жүлделі орынды және жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша бірінші орынды жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды. Ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиада біздің өңір үшін үлкен мақтаныш пен нақты нәтижелер кезеңіне айналды. Себебі, жас дарындар 2024-2025 оқу жылында да білімнің қос бағыты — жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық салаларында І және ІІ орындарды еншілеп, өңір абыройын асқақтатқан болатын. 2025-2026 оқу жылында республикалық байқауларда 294 оқушы жеңімпаз атанса (оның ішінде 81 алтын, 84 күміс, 129 қола), халықаралық байқауларда 29оқушы жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, осы оқу жылының қорытындысы бойынша Алматы облысынан 5 мектеп Республиканың үздік олимпиада командасы атанды.

Қымбатты жас дарындар!

Бүгін мен білім мен ғылымда зор жетістіктерге жетіп жүрген дарынды ұл-қыздарымызға ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздердің әрбір жеңістеріңіз – талмай ізденудің, еңбекқорлықтың және үлкен мақсатқа деген талпыныстың жемісі. Сіздер – замандастарыңызға үлгі, бізге серпін беретін нағыз жасампаз ұрпақсыздар.

«Баланың жақсысы – ата-ананың қуанышы, елінің мақтанышы». Сіздер бүгіннен бастап-ақ туған өлкелеріңіздің атын шығарып, Мемлекет басшысы айтқан «Әділетті Қазақстанның» іргетасын қалап жатырсыздар.

Жазғы демалыстарыңыз көңілді, қызықты және пайдалы өтсін! Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын. Ешқашан тоқтап қалмай, алға ұмтылыңыздар. Біз сіздерге сенеміз және сіздермен мақтанамыз!» деді Қайрат Жұманов.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Оны Қарсай ауданыдағы №12 орта мектептің би ансамблі Димаш Құдайбергеннің әйгілі «Любовь уставших лебедей» әніне орындаған әсем композициясымен ашты. Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылдық округінен келген «БЖШО» вокалдық тобы «Мен бақытты баламын» әнін орындап, көрермендерді қуантты.

        Кездесу барысында дарынды оқушылар марапатталып, олардың жетістіктеріне үлес қосқан педагогтерге Алматы облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Білім басқармасының мәліметінше, мұндай кездесулер дарынды балаларды қолдауға, жастардың білім мен ғылымға қызығушылығын арттыруға және олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы