Жаздың алғашқы күнімен қатар келетін балдырғандар мерекесін Кеген ауданының мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері ерекше дайындықпен, шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алды. Балаларды қорғау күніне орай аудандық білім бөлімі балаларға арналған түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, олардың көңілін көтеруге, шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік жасады. Осыған орай Кеген ауылындағы орталық алаңда «Бақытты балалық шақ!» атты ауқымды шара өтті.
Мерекелік шеру қатарын балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, өнер мен спорт саласында аудан намысын қорғап жүрген дарынды жастар толықтырды. Ұлттық нақыштағы киім киген оқушылардың шеруі мен жас спортшылардың жарқын өнері мерекенің сәнін кіргізді. Оқушылар арасында асфальтқа сурет салу, ұлттық ойындардан байқаулар ұйымдастырылып, үздік қатысушылар марапатталды.
Салтанатты шараға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудан прокуроры Алмат Данилов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева, балалар мен ата-аналар қатысты.
– Халқымыз қашанда «Барым – балам үшін» деп, ұрпағын ұлттың аманаты санаған. Сондықтан балаларымыздың бейбіт елде қауіпсіз өмір сүріп, саналы тәрбие мен сапалы білім алуы – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінде жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, өнер мен спортта, білім мен шығармашылықта өз қабілеттерін шыңдауына барлық мүмкіндік жасалып келеді, – деген аудан басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы балаларды мерекемен құттықтап, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарын, өнерлі және спортшы жастарды марапаттады.
Балалар – еліміздің ертеңі. Олар қандай ортада өссе, ертең сондай қоғам құрары анық. Сондықтан оларға мейірім мен махаббатты, бақытты сәттерді бүгіннен сыйлау – бәріміздің міндетіміз.
Бала күлкісі – баршаға ортақ қуаныш!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
