Перейти к содержимому
Главная страница » Заманауи медиа және мемлекеттік тіл

Заманауи медиа және мемлекеттік тіл

Тіл – ұлттың тек өткен тарихы мен бүгінгі болмысы ғана емес, оның болашақ цифрлық әлемдегі өміршеңдігінің басты кепілі. Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен оның қоғамдағы мәртебесін асқақтату мәселесі жалаң ұрандар мен науқаншылдықтың шеңберінен шығып, сапалы мазмұн, озық технология және жасампаз медиа менеджмент арнасына бұрылуы тиіс. Тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында нәтижелі насихаттау – дәстүрлі журналистиканың сөз саптау өнері мен қазіргі заманғы медиатехнологияның үндесуін талап етеді.

Қазіргі таңда адамзат өркениеті цифрлық технологиялар дәуіріне қадам басты. Ақпарат тарату жылдамдығы артып, медиа кеңістіктің ықпалы қоғам өмірінің барлық саласына терең енді. Әсіресе интернет ресурстары, әлеуметтік желілер, мультимедиалық платформалар мен жасанды интеллект жүйелері қоғамдық пікір қалыптастырудың басты құралдарының біріне айналды. Осындай жағдайда мемлекеттік тілдің медиа кеңістіктегі орны мен қолданыс аясын кеңейту мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр.

Қазақстан үшін қазақ тілі – мемлекеттік мәртебеге ие, ұлттық бірегейлікті айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі. Сондықтан мемлекеттік тілдің заманауи ақпараттық кеңістікте толыққанды қызмет етуі елдің рухани, мәдени және ақпараттық қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда қазақ тілінің дамуы тек дәстүрлі тіл саясаты аясында ғана емес, жаңа медианың талаптарына бейімделу деңгейімен де өлшенеді. Қазіргі жастар ақпаратты дәстүрлі теледидардан гөрі TikTok, Instagram, YouTube және Telegram платформалары арқылы қабылдайды. Демек, мемлекеттік тілдің болашағы да осы цифрлық кеңістіктегі белсенділігімен тығыз байланысты.

Соңғы жылдары қазақ тіліндегі контент көлемі айтарлықтай артты. Қазақша подкаст, YouTube жобалар, танымдық парақшалар мен авторлық блогтар көбейді. Бұл мемлекеттік тілдің заман талабына бейімделіп келе жатқанын көрсетеді. Алайда мәселе тек контент санында емес, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінде болып отыр. Бүгінде ғылыми, технологиялық, сараптамалық бағыттағы қазақтілді материалдардың аздығы анық байқалады. Соның салдарынан жастардың бір бөлігі қажетті ақпаратты өзге тілдерден іздеуге мәжбүр. Бұл мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістіктегі ықпалына әсер етпей қоймайды.

Қазіргі медиада ақпараттың мазмұнымен қатар, оны ұсыну тәсілі де маңызды. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту дәстүрлі әдіспен ғана шектелмеуі тиіс. Мультимедиалық сторителлинг, подкаст, reels, қысқа видеолар, инфографика және интерактивті форматтар қазақ аудиториясының қызығушылығын арттыра алады.

Дегенмен, мемлекеттік тілдің цифрлық ортадағы дамуына кедергі келтіретін мәселелер де бар. Көптеген платформадағы қазақша интерфейстердің сапасы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Сонымен қатар ІТ және медиа саласындағы терминдердің бірізді қолданылмауы ақпарат сапасына әсер етуде.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезеңде тіл саясаты тек гуманитарлық мәселе ретінде емес, технологиялық әрі ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылуы қажет. Өйткені жасанды интеллект пен нейрожелі дамыған сайын цифрлық кеңістіктегі тілдің рөлі де күшейе түседі. Осыған байланысты қазақ тілінің цифрлық қорын дамыту, нейрожелілерге арналған қазақша деректер базасын қалыптастыру, сапалы қазақтілді медиажобаларды қолдау – уақыт талабы.

Мемлекеттік тіл қоғам өмірінің барлық саласында еркін қолданылуы үшін сапалы контент пен заманауи технология қатар дамуы қажет. Қазақ тілі цифрлық дәуірдің толыққанды ақпарат тіліне айналғанда ғана оның қоғамдық рөлі күшейіп, бәсекеге қабілеті арта түседі.

Ұзақ Индира Рақымқызы

«Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік

 орталығы»  КММ басшысының орынбасары