Наина Аладинқызы Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалында қазақ тілін үйреніп жүр. Мемлекеттік тіл оқыту курсының А1 деңгейіне биыл қабылданған. «Қазақ жерінде туып, осы елде өсіп, қызмет етіп жүрген әр адам мемлекеттік тілді білуі керек. Қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, тілді тереңірек меңгеріп, сауатты жазуды да үйренсем» деген Наинаның бұл талпынысына қарай жетістігі де жаман емес. Ол – топтағы үздік тыңдаушылардың бірі.
Наина Мадатова 54 этнос өкіліне құтты қоныс, берекелі шаңырақ болған Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келген. Ұлты – түрік.
«Кішкентайымнан Еңбекшіқазақ ауданындағы Саймасай ауылында өстім. Мұнда қазақ, түрік, күрд, шешен, татар, орыс, украин, кәріс, ұйғыр секілді тағы басқа этностар бар. Ешкім ешкімді түріне, тіліне, ұлтына қарай бөліп-жармайды. Бір-біріміздің тілімізді де аулада ойнап жүріп-ақ, кішкентайымыздан үйреніп алдық. Әсіресе, қазақ тілі түрік тіліне өте ұқсас. Әліппесін ауладағы достарымнан меңгерген мен үшін мектепте қазақ тілі сүйікті пәндерімнің біріне айналды. Әкем мен анам да, бауырым да мемлекеттік тілде еркін сөйлейді», – дейді ол.
2018 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 9-сыныбын тәмамдаған соң, Наина Есік қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Мұнда мейірбике ісі мамандығын меңгеріп, бірден аудандағы медициналық орталық – TabibMed-ке орналасады.
Бүгінде Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалында аталған мекеменің 35 қызметкері мемлекеттік тілді үйреніп жүр. Барлығы 10 түрлі этнос өкілінен құралған екі топ бар.
«Әріптестерімізбен бірге аптасына екі мәрте жиналамыз. Сабақ бір жарым сағат болады. Әр сабақ сайын қазақ тілінің грамматикасынан жаңа тақырып өтіп, түрлі тапсырмалар орындаймыз. Топтағы тыңдаушылардың арасында қазақ тілін бұрыннан түсінгенімен, сауатты сөйлеу мен жазуды жетілдіруді мақсат еткендер де бар. Ал кейбірі мемлекеттік тілді алғаш рет жүйелі түрде оқып жатыр. Оқытушының берген білімін тәжірибеде қолданып, әріптестерімізбен өзара қазақша көбірек сөйлесуге тырысамыз. Халықпен тікелей жұмыс істеген соң тілді білу біз үшін өте маңызды. Кәсіби біліктілікпен қатар, басшылықтың қызметкерлерге қоятын талабының бірі – мемлекеттік тілді білу. «Жақсы сөз – жанға шипа, дертке дауа» демекші, басы ауырып, балтыры сыздап келген жанға жылы сөз айтсаң, ауруынан айығып кеткендей, көңілі көтеріліп қалады», – дейді мейірбике Наина.
Расымен, соңғы жылдары мемлекеттік тілді үйренуге деген сұраныс айтарлықтай артып келеді. Әсіресе, халықпен тікелей жұмыс істейтін қызмет көрсету саласының мамандары үшін мемлекеттік тілді білу уақыт талабы ғана емес, кәсіби қажеттілікке айналды. Себебі сұранысқа сай, мемлекеттік тілде жауап беріп, халықпен жылы қарым-қатынас орната білу – сала қызметкерінің мәдениеті мен біліктілігін көрсетіп қана қоймай, кәсібі алға басуына жасалар үлкен қадам. Осыны ескерген кәсіп иелері тамақтану, сауда орындары, шаштараз, сән салоны, көлік жөндеу орталығы сынды халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің басымдығына ден қойып келеді.
Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінен ашылып, тіл саясатын жүзеге асыру, тілдік ортаны қалыптастыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді мақсат еткен «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтары мемлекеттік тілді үйренем деушілерге таптырмас олжа екені сөзсіз. Ересектерге А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша қазақ тілін заманауи әдістермен сатылап үйретіп, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу бойынша мекемелерге әдістемелік кеңес беріп, көмек көрсетеді.
Қазақ тіліне құрмет танытқан жандар көбейген сайын мемлекеттік тілдің де мерейі үстем бола түсері анық.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы
