Перейти к содержимому
Главная страница » Көшеге аты берілді

Көшеге аты берілді

       Аспантау өңірінің біртуар перзенті, Социалистік Еңбек Ері, үш мәрте Ленин орденінің иегері Нүсіпбек Әшімбаевтың есімі халыққа кеңінен танымал. Кеңес өкіметі тұсында Ленин атындағы ұжымшарды отыз жылдан аса басқарып, іскерлік қабілетімен ауданның ауыл шаруашылығын өркендетуге, экономикалық тұрғыдан дамуына, ауыл мәдениетін көтеруге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға қосқан ерен еңбегі мен өлшеусіз үлесі бүгінде елге мұра, ұрпаққа ұран болып қалыптасып келеді.

     Жуырда Сарыбастау ауылының тұрғындары, еңбек ерінің ұрпақтары осындағы спорт кешенінде бас қосып, ауылдағы орталық көшенің Нүсіпбек Әшімбаевтың атына берілу қуанышына ортақтасты. Тіршілігінде өмірі аңызға, өзі абызға айналған азаматтың туған жері мен елінің көгеріп-көктеуі жолындағы еселі еңбегін, халқына деген сүйіспеншілігі мен адами құндылыққа толы қадір-қасиетін сөздеріне арқау етті.

     Нүсіпбек Әшімбаев 1910 жылдың 15 мамырында осы өңірдегі Шартас аталатын аймақтың Құрөзек деген жерінде қарапайым отбасында өмір есігін ашқан. ХХ ғасырдың басынан басталған Ұлы қазан төңкерісін, одан кейінгі өкімет саясатын, аумалы-төкпелі кезеңдердің бәрін көзімен көрген. Осы аймақтан ашылған төрт сыныптық сауат ашу мектебінде төте жазуды меңгереді. Ауылдық кеңесте хатшылық қызмет атқарып, ауылдастарын жаңа заманның ұстанған бағыт-бағдарын дұрыс қабылдауға, көкірек көздерін оқу-білім арқылы ашуға шақырады. Бір айта кетерлік жайт – сол тұстарда елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген азаматтардың басына төнген жалған жала мен жағылған күйе Нүсіпбекті де айналып өтпегені. «Хатшылық қызметін жеке басының пайдасына жаратты, жалған құжат жасап, туыстарының Қытай жеріне кетуіне көмектесті» деген айып тағылып, қылышынан қан тамған үштіктің үкімімен үш жылға сотталып кете барыпты. Жазасын КарЛаг аталатын қанқұйлы азап орнында өтеп, елге аман-есен оралады. Қиындық пен әділетсіздіктің неше түрін көрсе де, жігері жасып, сағы сынбай, ағысқа қарсы жүзіп, өзінің ақтығын ісімен дәлелдеуді айнымас серігі ете білген. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда «сотталған» деген жаман атақ алдынан шығып, майдан даласына емес, Қарағандыдағы көмір шахтасына жіберіледі. Міндетті мерзімін өтеп, 1944 жылы туған ауылы – Сарыбастауына қайта оралады. Азаматты тани білетін Ниязбаев дейтін ұжымшар бастығы оған зор сенім артып, қой фермасының меңгерушілігіне тағайындайды. Еңбек десе жанын салатын Нүсіпбек осы қызметті он жылға таяу атқарып, ұжымшардағы қой санының өсуіне өзіндік ықпалын тигізген екен. Іскер азаматтың қажырлы еңбегі аудан басшыларына да жетіп, сол кездегі Нарынқол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рақымжан Мақашев оны ұжымшар төрағаларын даярлайтын 6 айлық курсқа жібереді. Оқуын бітіріп келген соң, өзі осыған дейін еңбек етіп келген шаруашылықтың тізгінін ұстатады. Бұл  1954 жыл еді. Жаңа басшы сол сәттен бастап бар қажыр-қайратын Ленин атындағы ұжымшардың экономикалық дамуына, ұжымшар мүшелерінің тұрмыстарының жақсаруына, Сарыбастау ауылының мәдениетінің көтерілуіне жұмсаудан танған емес. 1959-60 жылдары Қытайдан атамекеніне оралған туыстардың бәрін бір жылдың ішінде жаңа баспанамен қамтамасыз етуі іскер басшының жұмысының алға жылжуына, жаңа қырынан танылуына жол ашты. Шаруашылықтың экономикалық жетістігі бір кездегі өзіне жабылған жазықсыз жала мен жағылған күйеден 1966 жылы ақталып, тазаруына да орынды ықпалын тигізгені анық.

     Өткен ғасырдың 1960-80 жылдар аралығы ұжымшардың барлық сала бойынша үлкен жетістіктерге жетіп, абырой биігіне көтерілген кезең саналғаны ел-жұрттың жадында. Ұжымшар төрағасы Нүсіпбек Әшімбаевтың тікелей бастамасымен шаруашылықта арқар-меринос қойын өсіру кеңінен қанат жайды. Ет пен жүнді көп беретін қой саны 80-90 мыңға дейін жетті. Мемлекетке сапалы ет пен таза талшықты жібек жүн өткізуде ұжымшар әр жыл сайын жоспарды еселеп орындап, үнемі жарыс көшінің басында тұрды. Қой шаруашылығын өркендетудегі ұжымшардың жетістігі, толайым табысы  ауылдың ғана емес, ауданның да экономикасына үлкен үлес болып қосылды. Сарыбастау ауылынан тұрғындардың игілігі үшін жаңа жобалы Мәдениет үйі, үш қабатты мектеп, екі қабатты емхана мен балабақша, фин моншасы, стадион, кірпіш зауыты салынды. Мұндай нысандар сол кезеңдерде аудан орталығында да, тіпті көрші аудандарда да болмағаны ақиқат. Жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Еңбеккерлердің табысы артып, еңбек озаттары мемлекеттік дәрежедегі сый-құрметтерге ие болды. Кеуделерінде орден-медальдар жарқырады. Сөйтіп, бір кездегі қарапайым елдімекен кісі қызығатындай, үлгі алатындай іргелі ауылға айналды. Осының бәрі де Нүсіпбектей іскер басшының, ұтымды ұйымдастырушының табан ет, маңдай тері арқылы қаланғанын ешкім жоққа шығармайды. Ұжымшарды дамытудағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Үш мәрте Ленин орденімен марапатталып, «Ауыл академигі» деген құрметті атаққа ие болды. 1981 жылы 71 жасында республика басшысы Д.А. Қонаевтың ұсынысымен «Социалистік Еңбек Ері» деген ең жоғарғы мемлекеттік абыройлы аттаққа ие болып, орақ пен балға бейнеленген «Алтын жұлдызбен» марапатталды. 1982 жыл құрметті еңбек демалысына шығып, қалған өмірін елдің тыныштығын, қоғамның жақсаруын, ұрпақтың жарқын болашағын тілеуге арнады. Тіршілігінде бар саналы ғұмырын туған жері мен елінің өсіп-өркендеуіне арнаған абыз қария 2010 жылы 100 жасқа толып, өмірден өтті.

     Нүсіпбек Әшімбаевқа көшенің атын беруге арналған салтанатты жиында Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Мұқаметжанов, Алматы облысының Құрметті азаматтары – Сағатбек Омаров, Серік Мұқанов, басқа да азаматтар сөйлеп, ақжарма ниет-тілектерін жеткізді. Баласы Мақсат Нүсіпбекұлы осынау қастерлі шараға қатысып отырған көпшілікке, әкесінің атын мәңгі есте қалдыруға ұдайы қолдау білдіріп келе жатқан ауыл тұрғындарына жүрекжарды алғысын айтты. Ауылдың қадірменді қарияларына шапан жауып, құрмет көрсетті. Жиналғандар алдында Алмас Қиясұлы, Бекжан Жолшыбек сияқты мәдениет саласының өнерпаздары әуелете ән салып, жұршылықтың ризашылығын арқалады. Көшенің кіреберісіне орнатылған «Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев атындағы көше» деп жазылған ескерткіш – тақтаның лентасы қиылып, шымылдығы сыпырылды. Осылайша Сарыбастау ауылының орталық көшесі ауыл академигінің атымен аталды.

Жұмабек ТҰРДИЕВ

Райымбек ауданы