Белгілі бір мамандық иесі атану – әрбір жастың арманы. Ал сол арманға жетелейтін алғашқы әрі маңызды қадам – мамандықты дұрыс таңдау. Осы мақсатта Кеген ауданы Тасашы орта мектебі жанындағы интернаттың ұйымдастыруымен 9–11-сынып оқушылары арасында «Арман мен мамандықтың байланысы» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Шараның ашылуында интернат меңгерушісі Құралай Оқасова сөз сөйлеп, мамандық таңдаудың адам өміріндегі маңызына тоқталды. Ол түлектерге ақ жол тілеп, болашақта өз қабілетіне сай кәсіп иесі болудың мәнін атап өтті.
Кеш барысында оқушылар ұлттық өнерімізді дәріптеп, домбырамен Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Өнерлі жастардың өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Шын шеберді атағы емес, ісі танытады» атты бейнеүзінді көрсетілді.
Іс-шараға Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудандық білім бөлімінің мамандары – Өркен Қайратұлы мен Айбол Жүсіпұлы, Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаев және мектеп директоры Нұргүл Қырықбайқызы қатысып, оқушылармен еркін пікір алмасты. Қонақтар мамандық таңдаудағы негізгі қағидаларға тоқталып, жастардың көкейіндегі сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Кездесу барысында оқушылар болашақ мамандығы туралы ой бөлісіп, түрлі кәсіптің қыр-сыры жөнінде ақпарат алды. «Ұстаз берген тәрбие – өмірлік азық» қағидасын негізге алған мұғалімдер – Сәуле Құлмамбетова мен Айда Нұрғожаева топтық жұмыс ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігін арттырды. Ал педагог-психолог Бақытгүл Оқасова арнайы тренинг өткізіп, жастардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған психологиялық жаттығулар жүргізді.
Тағылымды кеш барысында мектеп бітіруші түлектер еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындары, ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіптік-техникалық мамандықтар туралы кеңінен мағлұмат алды.
Іс-шара соңында Құралай Оқасова кешті қорытындылап, жастарды болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға, ел игілігі үшін қызмет ететін білікті маман болуға шақырды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
