Стахан Белғожаев ағамыз жайында сөз бастасаң, есіңе бірден-ақ «Ғасыр жобасы» деп ат беріліп, айдар тағылған Мойнақ су электр стансасы түсетіні анық. Асылы, ұқсата білгенге су – тек тіршілік көзі ғана емес, сондай-ақ, арзан қуат көзін өндіретін дайын табиғи ресурс. Осы орайда Тәуелсіз еліміздің энергетика саласындағы ең ауқымды әрі бірегей жобаларының бірі Мойнақ СЭС-і екені даусыз. Кез келген елдің ұлттық экономикасының өндірістік һәм әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды саласы әрі өнеркәсіптің басқа да салаларын дамытатын қозғаушы күші – энергетика. Сондықтан, жер бетіндегі елдер қуат көзін өндіретін кәсіпорындарды көбейтуге күш салуда.
Мойнақ СЭС-і жайында арыдан қозғап әңгіме айтуға болады. Ең алғаш бұл жердің ерекше географиялық ерекшелігін қазақтың біртуар ұлы Шоқан Уәлиханов аңғарғанын тарихтан білеміз. Әлбетте, техника күші жетімсіз ол уақытта СЭС салу турасында сөз болмағаны анық. Бірақ, тумысынан алғыр, қағылез Шоқан бұл жердің келешегі зор екенін түсініп, өзінің Қашқарияға жасаған сапарының жазбасында осы аймаққа айрықша тоқталған. Ал, Шарын аймағында СЭС салу мәселесі ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап сөз бола бастаған-ды. Сол кезде арнайы мамандар келіп, өңірдің жер бедерін байыппен қарап, мұқият зерттеген. Оның шет-жағасын бала кезінде Стахан Белғожаев та көргенін үнемі айтып отырады.
– Бала кезімде ауылға бір топ геодезист мамандар келгені есімде. Ол кезде тау-таспен жүретін техника, тікұшақ жоқ. Олар тау бөктерінен су қоймасын салатын жерді іздеу үшін атқа мініп шығатын болды. Әкем мені жолбасшы қылып соларға қосты. Алғаш рет су электрстансасын салуға не қажет екенін мен сол кезде білдім, – деп еске алады Стахан ағамыз. Алайда бұдан кейін біразға дейін СЭС салу мәселесі тыншып қалды. Ол кезде Кеңес одағының көсемдері Красноярск, Братск, кейіннен Саян-Шушенск СЭС-терін салуға бар күштерін жұмылдырып, Қазақстанға мойын бұратындай мүмкіндіктері болмады. Осылайша Алматы облысында Мойнақ СЭС-ін салу мәселесі ұзақ жылдар бойы кешеуілдеді. Бірақ аймақтың СЭС салуға сұранып тұрғаны Қазақстан басшыларының назарында болды.
Сол кезде Стахан Белғожаев гидротехника мамандығы бойынша оқуды тәмамдап, Братск СЭС-інің құрылыс жұмысына араласып жүрген еді. Кез келген жұмысты жанын сала, жапыра істеген жас маман Братск СЭС-інің құрылысы аяқталғаннан кейін дәл сондай қызу құрылыс Шарын шатқалында орын алатынына қатты сенді. Бірақ, оның көкейде жүрген арманы бірден орындала қойған жоқ. Ішкі Ресейдегі ірі СЭС құрылыстары аяқталғаннан кейін Қазақстанда Екібастұз жылу электр стансасының құрылысы басталып кетті. Бұл уақытта Стахан Шардара СЭС-нің су қоймасының құрылысын жүргізуге қатысты. Бұл кезеңде ол гидротехникалық нысандар салуда зор тәжірибе жинақтаған маманға айналды. Ол қайда жүрсе де, бар ықыласы Шарын шатқалында жаңа СЭС-тің құрылысын жүргізу ісіне ауды да тұрды.
Білікті маманның Шарындағы гидротехникалық нысанның құрылысы жайында көп ойлануының өзіндік себебі бар. Өйткені, Стахан оқу бітірерде дипломдық жұмысын Шарын шатқалының гидротехникалық мүмкіндіктеріне арнаған еді. Дипломдық жұмысты жазардың алдында аймақтың тау-тасын, жер бедерін мұқият зерттеп шықты. Тау суының ағысын, судың биіктен құлау және тау жыныстарының геологиялық ерекшелігін мұқият зерттеп, қуат көзін өндіретін гидротехникалық нысан салуға сұранып тұрғанын жас маман дәл анықтады. Ал Шарын шатқалымен салыстырғанда Қапшағай СЭС-інің орналасқан жері гидротехникалық нысан салуда біраз қиындықтар тудырғаны жасырын емес. Бір Қапшағай су қоймасын салу барысында 150 шақырымға жуық жерді жасанды көлге айналдыруға тура келді. Сол кезде көптеген тарихи орындар мен тоғайлар су астында қалып кеткені жасырын емес. Алып құрылысты салуға қыруар күш жұмсалды. Десек те, гидротехник мамандардың қажырлы еңбегі тұтасымен ақталды. Міне, жарты ғасырдан астам Қапшағай СЭС-і еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыны қажетті қуат көзімен қамтамасыз етіп келеді.
Мойнақ СЭС-нің құрылыс жұмысын жүргізгенде, шаруашылық мақсаттағы жерлерге титтей де зияны тиген жоқ. Тек құрылыс жүргізу барысында біраз қорымның басқа жерге көшірілгенін білеміз. Бұл ретте Мойнақ СЭС-нің негізін қалаушы Стахан ағамыз жергілікті халықты жинап, солардың келісімі негізінде ескі қорымдардағы сүйектерді тиісті ғұрыптарды сақтап, басқа жерге қайтадан жерлеуді толықтай мойнына алды.
Енді Мойнақ СЭС-ін салу туралы шешімнің қалай туындағанына келсек. 60-70 жылдары гидротехникалық нысанды салу турасында қоғамдық ортада жиі сөз болғанын әңгіме барысында айттық қой. Бұл үшін қырғыздарға алғыс айтуымыз керек секілді. Оның өзіндік себебі бар. 70-жылдардың басында Ыстықкөлдегі су деңгейі төмен түсіп кеткеннен кейін айыр қалпақты ағайындар Кеген ауданындағы Қарқара өзенін Ыстықкөлге бұру турасында жоғарыға ұсыныс айтты. Ол кезде қырғыз-қазақ деп бөлінбегеніміз белгілі. Бәріміз Мәскеуге бағындық. Осылайша, қырғыздар Шарынға құятын негізгі Қарқара өзенін бұруға барынша әрекеттенді. Бұл бағытта арнайы жоба да жасалынды. Кейіннен бұл іске Дінмұхамед Қонаевтың өзі араласып, сол кездегі КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Зия Нұриевтің жеке қабылдауында болып, бұл жоба Қазақстанның экологиялық ахуалына кері әсер ететінін дәлелдеп, Қарқара өзенінің арнасын Ыстықкөлге қарай бұрудан сақтап қалды. Егер сол кезде Қонаев ақсақал үнсіз қалғанда, Қарқара өзенін қырғыздар бұрып алып, біздер Мойнақ СЭС-ін салуды мүлде ұмытар ма едік, кім білсін. Сондықтан, Димекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Стахан аға Димекеңнің Шарын шатқалы аймағында Бестөбе су қоймасының құрылысын бастауға Мәскеуден арнайы қаржы бөлгізгенін естігенде, жас балаша қуанғанын ұдайы айтып отырады. Бұл енді Мойнақ СЭС-ін салуға бір-ақ қадам қалғанының белгісі еді. Осылайша, 80- жылдардың басында алғашқы құрылыс жұмыстары қарқынды жүре бастады. Білікті маман дәрежесіне көтерілген Стахан аға су қоймасының төменгі сағасын СЭС салуға ыңғайлы етіп салуға бар күш-жігерін жұмсай бастады.
Маңызды гидротехникалық нысанның құрылысын жүргізу ісі сол кездегі «Есіксуқұрылыс» мекемесіне жүктеліп, 1984 жылдан бастап жұмыс қарқын ала бастады. Осылайша құрылыстың 70 пайызы аяқталып, 94 метр болатын су қорғаны тұрғызылып, аз ғана жұмыстар қалған кезде Кеңестер одағы құлап, құрылыс жұмыстары күрт тоқтады. Осылайша дүрбелең басталып кетті. Тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның жағдайы алып құрылыс нысанын жүргізуге жетпеді. Қаржылық қиыншылықтар етектен тартып, Бестөбе су қоймасының жұмысын толықтай тұралатып тастағанын көргенде, бәріміздің жанарымызға жас үйірілгені жасырын емес.
Бестөбе су қоймасымен айналысу жүктелді. Бұл жоба туралы біз әрине бұрыннан таныс едік. Өйткені жобаның жұмысы тікелей бізге қатысты болатын. Бірақ, біз көбіне тегіс жерлерді, төбелерде жұмыс жасадық. Ал Бестөбе болса, таулы жерде орналасқан. Алғаш келіп көргенімізде – тіршіліксіз шөл дала, жалаңаш жартастар төменде өзен ағып жатыр, ешқандай инфраструктура жоқ. Жұмысшылар тұратын жері де болмады. Көріп, танысып болған соң нысан инженерлік мақсатта жұмыс істейтіндіктен бізді өте ауыр жұмыс күтіп тұрғанын түсіндік. Топырақ қазу, бетон құю жұмыстары, тіпті тау жыныстарына өту жолдарын жасау жұмыстарын жасауға тура келді. Бұдан кейін қиын жерлерде жұмыс істейтін арнайы құрал-жабдықтарға тапсырыс беруге тура келді.
Бестөбе су қоймасын салуда «Есіксуқұрылыс» механизаторлық жұмыс басқармасы көп еңбектенді. Еліміздегі гидротехник мамандар бұған дейін жазық жерде су қоймаларын салып, таулы жерде мұндай күрделі нысан салу ісімен айналыспаған еді. Осы тұрғыдан алғанда Мойнақ СЭС-ін қажетті сумен қамтамасыз етіп тұрған Бестөбе су қоймасын салған жергілікті мамандар бұл бағытта зор тәжірибе жинағаны анық. Су қоймасын салу ісі вахталық әдіс арқылы жүзеге асқаны белгілі. Сол бір кездің өзінде Бестөбе су қоймасын салуда біраз қиындықтар туындағанын сол кездегі «Есіксуқұрылыс» механизаторлық жұмыс басқармасының бастығы Владимир Коротких былайша еске алған еді:
– Сол кезде күрделі құрылыс бөлімінің жетекшісі Стахан Белғожаевқа келіп, жұмыстың қиындығын айттым. Ешқандай ресурс, механизм, машина мен жұмысшылар жетіспейтін. Негізінде сол тұста Үлкен Алматы Каналы құрылысы аяқталу сатысында тұрған-ды. Өз кезегінде Стахан Белғожаев маған қажетті ресурстармен және техникамен де қамтамасыз ететінін және жұмысшыларды да алдыратынын айтып, уәде берді. Бастықтың қабылдауынан кейін құрылыс басына келіп тастан- тасқа ырғып, ұзақ жүрдім. Айналада ештеңе жоқ, құрылыс алаңына жетудің өзі қиямет. Техника әкелген күнде оны орналастыратын жер де дайын емес. Сонымен, бірінші жұмысты тау баурайын тазалап, тасқорымдарды аршудан бастадық. Ең бірінші кезекте тауды асырып электр сымдарын тарттық. Электр көзінсіз ештеңе істей алмайтын едік. Жұмысшыларды сумен қамтамасыз ету, тамақтандыру, жатын орын дайындау сияқты қарапайым қажеттіліктердің өзі үлкен мәселеге айналды. Бірақ бұл мұндай қосымша мәселелердің бірін Стахан Белғожаев толықтай шешті. Бірақ барлық ресурстарға қойылған шектеу бар. Қажетті дүниеңді алдын ала жоспарлап алуың керек. Жоспарда көрсетілмеген русурстарға қол жеткізу өте қиын. Жол мен жұмысшылар кентін салып берді. Шағын бетон зауытын да іске қосып бергенін айта кетуіміз керек.
Әу баста СЭС туралы сөз болмаса керек. Тек Шарынның төменгі ағысы тұсындағы 50 мың гектар жерді суландыру үшін су қоймасын салу ғана әңгіме болған. Бірақ, болашақта міндетті түрде үлкен СЭС болатынын Стахан Белғожаев бастаған мамандар біліп, сол арманмен күні-түні жұмыс істеген. Құрылыс басында «Казахвзрывпром», «Тоннельспецстрой», «Гидроспецстрой» сияқты бірнеше түрлі құрылысты жүргізуге маманданған ұйымдар жұмыс істеді. Олар жұмыс қанша ауыр болса да мойыған жоқ. Бір-біріне көмек қолын созып, ортақ істі тездетіп аяқтауға бар күштерін сарп етті десем, артық айтқандық болмас еді. 1985 жылдан 1991 жыл аралығында негізгі ауыр жұмыстар бітті. Су шығару плиталары орнатылып, құрылыстық тонелдер мен көптеген бетондық жұмыстар аяқталды. Негізгі құрал-жабдықтар алынып, кейбіреулері тіпті орнатып та үлгергені есімде.
Содан әп-сәтте КСРО құлап, құрылыс жұмыстарын қаржыландыру да, жұмыс та тоқтады. Негізгі жұмыс көлемі толықтай атқарылып біткен еді. Құрылысқа жанын берген Стахан Белғожаев тиісті орындарға нысанның ел экономикасы үшін маңыздылығын айтып хат та жолдады. Алайда, естірге құлақ болмай, партия болса, тарап кетті. Қаншама еңбек пен күш жұмсалды десеңізші. Қараптан-қарап ішің удай ашиды екен. Сонда құрылысты су қоймасымен бірге Алматы облыстық су шаруашылығы басқармасына берді. Мұндай алып құрылысты аяқсыз, қараусыз, тиісті бекіту жұмыстарын жүргізбей тастап кетудің өзі қауіпті болатын. Сол кезде Шарынды уақытша ағызып, тұрған тонелде жарық пайда болғаны есімде. Егер су ағыны ұлғайған жағдайда тоғанды бұзып су тасқыны болуы қаупі төнді.
Бұл кезде Стахан ағаның мемлекеттік қызметтен кетіп, жеке бизнеске бет бұрғанын білемін. Бірақ ол қайда жүрсе де, көкейінде Мойнақ СЭС-інің құрылысын аяқтау мәселесі тұрды. Ортан жолда тоқтап қалған құрылыс ұдайы көз алдында көлбеңдеп, жанын жегідей жегені анық. 2000 жылдары еліміздегі экономикалық ахуал бір қалыпқа түскеннен кейін ол бұлайша іштен тынып жүре беруге болмайтынын түсінді. Содан кейін көптеген кабинеттердің есігін қағып, жүздеген шенеуніктермен Мойнақ СЭС-нің құрылысын жандандыру турасында ұсынысын айта бастады. Бірақ бұл әрекетінен түк шықпады.
Осыдан кейін Стахан аға 2001 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысына жағдайды баяндап, хат жазуға отырды. Бұдан кейін ақжолтай хабар да көп кешікпей келді. Сол кезде осы бір маңызды мәселеге баса мән беріп, іс барысын өз бақылауына алуынан Президенттің көргенді саясаткер екенін анық аңғара түсеміз. Мемлекет басшысының қолдауы Стахан ағаны шабыттандырып, зор қуанышқа бөлегенін білемін. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мойнақ СЭС-ін салуды жылдар бойы армандаған Стахан Белғожаев сол бір сәтті үнемі еске алып отырады.
– Президенттің көмекшісі менің хатымды ел басшысы мұқият оқып шыққаннан кейін сол кездегі Үкіметтің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа менің ұсынысым көңіл аударатын маңызды ұсыныс екенін айтып, бұл мәселені жедел қарастыру турасында тапсырма бергенін естігенде, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы да тиісті ведомстволарға менің ұсынысым бойынша жұмыс істеуді тапсырды. Экономикалық жағдай біршама түзелгенімен, мұндай ірі жобаға қаржы табу қиын болды. Бұл жобаның еліміз үшін маңыздылығын түсінгеннен кейін Президент Мойнақ СЭС-ін салу мәселесін Шанхай ынтымақтастық ұйымның күн тәртібіне ұсынады. Өз кезегінде Шығыстағы көршіміз жобамен мұқият танысып шыққаннан кейін Мойнақ СЭС-інің құрылысын қаржыландыруға келсім береді. Осылайша Мойнақ СЭС-і өмірге келді, – деп Стахан ағамыз «Ғасыр жобасы» деген атауға ие болған алып құрылыстың қалай басталғанын көпшілік ортада сыр қылып ақтарып отырады.
Қазақстан Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, Мойнақ СЭС-нің негізгі нысандарының құрылысын салумен және оларды іске қосумен Қытай халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясы айналысты. Жалпы, СЭС құрылысына бір мыңнан астам адам қатысып, оның 75 пайызы жергілікті тұрғындарды құраған маңызды жоба болды. Осылайша, қазақтың көкөрім жастары заманауи теңдесі жоқ құрылыс жүргізуде өздерінің іс-тәжірибелерін шыңдап, үлкен жауапкершілікті мойнына алатынын іспен дәлелдеп шықты.
Топырақтың иесі
(Стахан абызға)
Өмір дейді өзен ағып, тас қалса!
Тас қамалға арға сүйер дос қанша?
Қатайтады, Тәңір иген топырақ,
Бесікті елдің белбеулері бос болса!
Босамасын шатырлы үйдің шегесі!
Босағасын бақ күзетіп,
Тәңір өзің демеші!
Біреу дейді
топырақтың иесі,
Екеу деймін,
ондай құдірет егесі!
Жаһанымды жаратушы
бір Құдай!
Стаханымды Сахи қылды
бір Құдай!
Саз-балшықты топырақ қып,
тас қылып,
Шаһарымды салып жатты
бір Құдай!
Абыз ағам, Аңыз адам жайында
Ойлап көрді дейсіңдер-ей, кім бұлай?!
Біреуі оның – тау көтерген Толағай.
Тұла бойы алтын, күміс, қоладай!
Сол қалпында солқылдамай қарайды,
Тау менен тас, топыраққа қожадай!
Қожасы кім топырақтың?
Әркім гулер, мастанса…
Бір сөз айтам, мастанғандар
аптықтарын басқанша.
Топырақты от пен суға илеген
Мәр шаһардың мейманасы тасқанша.
Стаханның ұста атамның қолында
да бір нұр бар,
Адам ата топырақтан жаралғаны
рас болса?!
Осындайда жадырайды жаз-кеудем,
Сағынғанда самал есіп саз берген.
Адам-аңыз,
Ағам-абыз,
толғайды әлі дүниеңді
Қолдап тұрса,
Һауа анадай Наз жеңгем!
Бақыт БЕДЕЛХАН
Мойнақ СЭС-сінің құрылысы 2012 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқталып, пайдалануға берілгенін білеміз. Гидроэлектрстансаның құрылысын ұйымдастырғандар және оның акционерлері – «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы болғаны белгілі. Оған акцияның 51 пайызы тиесілі, ал, «Мойнақ ГЭС» және «Бірлік» акционерлік қоғамдары акцияның 49 пайызын иемденді. Қазіргі кезде толық күшімен жұмыс істеп жатқан Мойнақ су электрстансасы Қазақстанның энерго жүйесінің оңтүстік аумағын толықтай қуат көзімен қамтамасыз ететін мүмкіндікке ие. Тағы бір мақтанарлығы, Мойнақ СЭС-і – ТМД елдеріндегі жоғары қысымды бірінші су электрстансасы. Стансада пайдаланылатын заманауи технологиялық жабдықтар электр қуаты өндірісін толықтай автоматтандыруды және үдерістің ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етілген. Ең бастысы – СЭС жұмысының қоршаған ортаға ешқандай залалы жоқ және қуат көзі арзан. Электр энергиясын өндіретін қуат көзін станса құбырмен келетін судың қатты ағынынан алады. Былай қарасаң, су электр стансасының жұмыс үдерісі қарапайым. Алатаудан бастау алатын Кеген, Қарқара өзендері Бестөбе су қоймасын үнемі сумен қамтамасыз етіп отырады. Су қоймасынан он шақты шақырым жерде, төменде жатқан Шарын өзенінің жағасында СЭС ғимараты тұр. Диаметрі 4,5 метрлік құбырмен ағып келіп, 500 метрден астам биіктіктен құлайтын судың қатты ағыны гидроагрегаттың қалақшаларын шыр көбелек айналдырады. Гидроагрегат осы динамикадан электр қуатын өндіреді. Стахан аға «Мойнақ» СЭС-інің өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады.
– Әрбір су электр стансасы өзінше ерекше, бірегей жоба болып келеді, – дейді ол. – Әлемде бірдей екі гидростанса жоқ. Себебі, табиғи-климаттық жағдай, өзен, геология қашанда өзгеше болатыны белгілі. Ал, жылу электр стансалары егіз қозыдай бірдей болуы мүмкін. Мысалы, Костромский ГРЭС пен Сургутский стансалары бөлек материкте салынса да, бірдей. Мойнақтың басқа су электр стансаларынан өзгешелігі – таулы жерге салынғандығында. Шарын өзенінің құлама биігінде топтала орналасуында. Биіктігі 500 метрлік тік құлама. Тағы бір ерекшелігі – Шарын осы жерде он шақырымдық су шығаратын тегеурінді бөген арқылы өтетін су құрсауы қыса түсетін ағын береді. Энергетиктер қысыммен келген ағынды турбинаға бағыттап жібереді. Тағы да бір айта кететін жайт, станса жоғары сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, қауіпсіздік жағынан өте мығым. Бұл жерде 1878 жылы Шелек-Кеминск аймағында болған жер сілкінісінің ошағына жақын жерде. Сейсмикалық қауіпсіздік жөніндегі сұрақтар қуаттылық 12 миллион киловатқа көтерілгенге дейінгі тұрақтылық жан-жақты зерттеліп, нақтыланған. Бұдан басқа, Қытай мамандары Мойнақ СЭС-іне қажетті негізгі құрал-жабдықтармен, атап айтсақ, турбина, генераторлармен қамтамасыз етуді толықтай өз мойындарына алған болатын. Ұзындығы он шақырымдық су шығаратын тегеуінді тоннель диаметрі 5,5 метр болатын тығыздалған металл құбырлармен қапталған. Құбырлар Қытайда шығарылған. Айта кетер жайт, бұл шөміш пішімді бұйымдарды Австрияның «Андритц» фирмасы жасаған. Қытайда олардың зауыты бар. Демек, жобаның бұл бөлігі де көкейімізге сенімділікті ұялата түсетіні анық. Мойнақ СЭС-інің негізін қалаушы маманның алып нысанның заманауи қауіпсіздік талаптарына толықтай жауап беретіні туралы айтып отырады.
Бүгінде елімізде энергетикалық нысандарды жобалаушы мамандарды дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Бұл мәселе қазір Стахан Белғожаевты қатты ойландыруда. Ол бір сөзінде: «Қазір жастардың көпшілігі бүгінгі күнге дейін заңгер, қаржыгер, экономист мамандықтарын иеленгенді жөн санайды. Олар да керек шығар, бірақ экономиканы индустриялық тұрғыдан дамытып, елімізді әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосамыз десек, жастарымыз өндірістік мамандықтарды меңгергенін қалар едім. Егер өндіріс орындары көбейіп, жұмысқа тұру мүмкіндігі артатын болса, әрине, қазақ жастары кез келген салаға қатысты мамандықтарды меңгеріп кетеді. Өйткені, олар табиғатынан өте дарынды, елгезек. Не нәрсені де тез үйреніп алады», – деп ойын ортаға салған еді.
Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибратқа толы болатыны сөзсіз. Қазақстанның майталман энергетигі Стахан Белғожаевты осындай абзал азаматтардың қатарына қосуға болады. Ол өз өмірінде көптеген қиындық пен бейнетті де бір кісідей көріп, шарболаттай шыңдалған азамат десек, артық айтқандық болмас еді. Табиғат бойына дарытқан төзімділік пен қайсарлық арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдына кесе-көлденең тұрған бейнетті еңсерген Стахан Белғожаев – еліміздің дамуына, соның ішінде, энергетика саласына өлшеусіз еңбек сіңірген санаулы жандардың бірі. Мұндай адамның өмір жолы, күреске толы тағдыры кейінгі ұрпаққа үлгі.
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
