… – Қызыл қайың?.. Сенбісің? Неге жалғызсың?..
Талай себелеп құйған нөсерге, бұршақтар мен құтырына соққан желдерге төтеп берген ол маған да қыңырлық танытқан. Жауап бергісі келмеген. Бірақ менің өзін көрген бойда кемерінен тасып төгілген қуанышым мен сағынышым «бағынудан» қалып еді. Құшақтай алдым.
Иә, бұл – қызыл қайың еді. Қазақстанда ғана өсетін, Қызыл кітапқа енген ерекше ағаш. Осыдан біраз жыл бұрын балалар классигі Бердібек Соқпақбаевтың ауылы Қостөбенің шетінде өз бетімен өмір сүріп жатқан заставаға келгенімде алғаш көріп, көпке дейін айналшықтап шықпай қойғаным есімде. Текес пен Байынкөл өзендері қосылатын жерден көріп, жадыма ғана емес, қос жанарыма сидырғым келгендей, ұзақ қызықтап едім. Осы сәт неге екенін, өздерінен ақ қайыңның бойында ғана болатын сұлулық пен нәзіктіктің, сыршылдық пен махаббаттың пәк бейнесін іздедім. Табуға тырыстым. Таптым да. Енді міне…
Шекараға келген сапарымда тағы кездестірдім. Бірақ, бұл жолы үш мемлекеттің шекарасы түйіскен жерден. Байынкөл өзенінің бойынан. Жалғыз өзін. Сосын құшағыма еркін сиып кеткен қайыңға маңдайымды тигіздім. Жып-жылы, жұмсақ. Өзімнің күз айын, жерге сауылдап түсіп жатқан сары жапырақтардың үстімен қалың ойға шомған күйі ұзақ жүргенді жанымның неге қалап тұратынын енді түсінгендей болдым. Ағаштарға, оның ішінде мұзбалақ ақын Мұқағалиға ерекше шабыт сыйлаған ақын қайың, күйші қайың, биші қайыңдарға неге ғашық екенімді… Сосын «Қызыл қайың, айтшы неге жалғызсың?..Мұндай қалай тап болдың?», дедім ернімді болар-болмас жыбырлатып. Менің алып қарағайлардың арасынан тауып алған қызыл қайыңым үн қатқан жоқ. Осы сәт құлағыма жапырақтардың сусылдаған үндері келгендей болды. Бұл не, сандалған самал ма, әлде… қызыл қайыңның менің сауалыма өз тілінде жауап қайтарғаныма?.. Солай болса, кәнекей?! Жүрегім кеудемнен шығып кетердей қуанар едім-ау! Ағаштардың тілін түсінбесем де. Себебі, Мұқаң – қазақтың мұзбалағы Мұқағалидың өзі жас қайыңды (қызыл, ақ деп бөлмеген):
«Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың», деп жырына қосқан.
Ал мен… Мен ақын емеспін. Деректі прозаға бет бұрғаныма да көп бола қойған жоқ. Бірақ барымды берер едім, қызыл қайыңға жүрек арызын жеткізу үшін…
Осы кезде ту сыртымнан: «Тұмар ханым» деген дауыс шыққан. Селт етіп, артыма жалт қарадым. Баянкөлдің жағасына өзім қалдырып кеткен шекарашы екен. Бұл – маған берілген уақыттың өз мәресіне жетіп, шынайы өмірге қайта оралатын сәттің туғанын білдіретін.
Бірақ… артыма қимай қарай бердім. Алып ағаштардың көлеңкесінде қалып қойса да, өзінің жалғыздығын мойындағысы келмеген қызыл қайыңға!.. Ол үн қатқан жоқ.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА әскери журналист
