Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың парызы. Бұл мақсатта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы халықтың, әсіресе жастардың белсенді қатысуымен кең көлемде өткізіліп келеді.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза Қазақстанның» негізгі қозғаушы күші және арқауы жастар десек, артық болмайды. Ұл-қыздарымыз ортақ іске белсене атсалысып, жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Еліміздің жарқын болашағы сіздер сияқты рухы мықты, отаншыл, ерік-жігері күшті азаматтардың қолында», – деп аталған жобаның халық арасында белең алып, жалпыұлттық бағдарламаға айналуына жастардың қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
Иә, бүгінгі жастар – ертеңгі болашақ. Ал «Таза Қазақстан» бағдарламасының түпкі мәні – табиғатты аялау, қоғамда тазалық пен тәртіпті дәріптеу ғана емес, сондай-ақ осындай игі іспен саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру екенін ескерсек, аталған бағдарламаға жастардың жоғары жауапкершілікпен атсалысуы – қуантарлық жағдай. Өйткені сапалы ұлт қалыптастыру ұрпақ тәрбиесінен басталады. Осы орайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан және облыс көлемінде өткізілетін іс-шаралардың бел ортасында жүретін жастардың – Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысына бір үңіліп көрелік.
Үш жүз мыңға жуық халқы бар Еңбекшіқазақ ауданы – облыстағы халық тығыз орналасқан үлкен өңірлердің бірі. Мұнда 14 пен 35 жас аралығында 82 250 жас бар, яғни облыстағы шағын бір ауданның халқымен тең. Осынау жастардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасауды мақсат еткен аудандық жастар ресурстық орталығы жастар арасында мемлекеттік жастар саясатын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, еріктілер қозғалысын қолдау, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету бағыттарында жұмыс жүргізеді. Жастарға «Дипломмен ауылға», «Серпін», мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер арқылы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары, Жастар практикасы, Алғашқы жұмыс орны, Ұрпақтар келісімшарты жобасы, Қоғамдық жұмыстар бағдарламасы, еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған және «Жасыл ел» еңбек жасақтары сынды жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар негізінде қолдау көрсетіледі.
«Бүгінде орталықта 6 қызметкер бар. Оның біреуі – психолог маман. Сондай-ақ аудандағы бір қала мен 25 ауылдық округтің барлығында жергілікті әкімдіктерде жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар жұмыс істейді. Яғни ауданның әр ауылындағы жастардың жай-күйінен хабардар болып, олармен тығыз жұмыс істеп отырмыз», – деген Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбіт: «Жастармен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – оларды қоғам өміріне белсенді араласуға, еріктілер қозғалысына қосылуға және қоршаған ортаны қорғау бастамаларына жұмылдыру. Біз жастардың кез келген қоғамдық бастамаға бейжай қарамай, ауданның дамуына, өңірдің гүлденуіне өз үлестерін қосқанын қалаймыз. Бүгінде еріктілер қозғалысы да қарқын алды. Жастар түрлі қайырымдылық, экологиялық және әлеуметтік жобаларға белсенді араласып, қоғамдағы өз орнын айқындап келеді. Осы ретте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына аудан жастары белсенді қатысатынын айта кетуім керек. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау ғана емес, жастардың бойында туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру», – дейді.
Жыл басынан бері Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауылдардың барлығында дерлік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізілген. Бұл сенбіліктерге 1000-нан аса ерікті жас қатысып, өз туған өлкесінің гүлденіп, тазара түсуіне үлестерін қосқан. Осынау тазалық жұмыстарының бірнешеуіне тоқталып өтсек.
2026 жылғы 3 маусым күні Есік қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «ECO Life – Таза Қазақстан» атты аудандық экологиялық-тазалық форумы ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне халықтың назарын аудару және тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңызын тұрғындар арасында кеңінен насихаттау. Аталған іс-шараға аудан әкімі, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Форум барысында экологиялық бастамалар талқыланып, аудан көлемінде атқарылып жатқан тазалық жұмыстарының нәтижелері бойынша есеп берілді. Іс-шара қатысушылары Еңбекшіқазақ ауданының інжу-маржаны – Есік көлінде ауқымды экологиялық акция ұйымдастырды. Көл аумағы қоқыстан тазартылып, туристік аймақ абаттандырылды, ағаш көшеттері отырғызылып, орындықтар сырланды. Сонымен қатар Есік көліне апарар жол бойындағы үлкен қабырғаға Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамаларын қолдау мақсатында облыс жастарының тартуы ретінде ерекше мурал салынды.

Осындай ауқымды тазалық жұмыстарының бірі 30 мамырда Шелек ауылында жүргізілді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан әкімінің қатысуымен А.Шымболатов атындағы саябақта сенбілік ұйымдастырылып, саябақ алаңы қоқыстан толықтай тазартылып, жаңа кейіпке енді. Экологиялық акцияға Шелек ауылындағы колледждердің студенттері, ауыл жастары мен еріктілер атсалысып, саябақтағы орындықтар мен қоқыс жәшіктерін бояп, ретке келтіріп, абаттандырды, ағаштардың түбін әктеп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттырудың бір көрінісі. Осындай игі бастамалар ауылдың көркеюіне және табиғатты қорғауға өз үлесін қосары анық.
Алматы облысы көлемінде ұйымдастырылған «Таза бейсенбі» акциясы Еңбекшіқазақ ауданында да қарқынмен қолға алынған, әрі мұнда да жастардардың үлесі басым. Бәйдібек би ауылында өткен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына аудан әкімі, партия мүшелері, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары мен жастар белсене қатысты. Акция барысында елдімекен аумағы толық қамтылып, тұрғындар қоршаған ортаға қамқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Адам мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін жол бойындағы ағаш бұтақтары кесіліп, түптері әктелді, топырақтары қопсытылып, жасыл желек суарылды, демалыс орындарындағы орындықтар тазаланып, сырланды. Нәтижесінде 250-ге жуық адам 12 гектар аумақты қоқыстан тазартып, шамамен 35 тонна қалдықты арнайы қоқыс полигонына шығарды. Бұл тазалық жұмыстарына 10 арнайы техника жұмылдырылды.
Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған «Алтын адам» табылған киелі мекен – Есік қаласына келуші туристер саны аз емес, әрі олардың басым бөлігі қалаға кіреберісте орналасқан Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына ат басын бұрмай кетпейді. Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығы аудан жастарының басын қосып, аталған музейдің маңын қоқыстан тазартып, тарихи ескерткіштерді қорғауға, әрі ауданымыздағы туристік орындарды абаттандыруға өз үлестерін қосу үшін мұнда да тазалық жұмыстарын жүргізген.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Есік қаласының кіреберісінен бастап орталық көшелеріне дейін тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған шараға 100-ге жуық жас қатысып, қоғамдық орындар мен жол бойындағы аумақтарды қоқыстан тазартуға атсалысты. Жастар қала тазалығына өз үлестерін қосып, қоршаған ортаны аялаудың маңызын насихаттады. Мұндай жұмыстар ауданымызда тұрақты түрде жалғасып келеді және барлығына да жастар үнемі атсалысып, игі істің бел ортасынан табылады. Өйткені таза қала – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Осындай игі бастамалар арқылы экологиялық мәдениет қалыптасып, туған жердің көркеюіне үлес қосылады», – дейді Айжан Әбіт.
Иә, табиғатты қорғау – бір күндік науқан емес, әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құндылық. Әр азамат өз үйінің ауласын, көшесін және қоғамдық орындарды таза ұстауға жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана қоршаған орта таза әрі көрікті болады. Осы ретте жастардың белсенділігі көпшілікке үлгі болып, экологиялық бастамалардың дамуына оң ықпал етеді. Сондықтан аудан жастары туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу арқылы қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға нық қадам жасап келеді.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы
