Перейти к содержимому
Главная страница » Жамбыл және өркениетті ұлт

Жамбыл және өркениетті ұлт

Еліміз егемендік алғаннан кейінгі экономикалық қиындық артта қалып, ел еңсесін көтере бастаған тұста руханият әлеміне қайта оралу, әдебиетіміз бен мәдениетімізге, сан ғасырлар бойы ұлттық бірегейлігімізді сақтап келген салт-дәстүрімізге басымдық беру кезеңі де келіп жеткен сыңайлы. Өткен аптада ҚР Президенті кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдық мерейтойына орай өткен шара осы пікірімізді растай түседі.

Жамбыл ауданындағы Ж.Жабаев әдеби-мемориалды музейіне арнайы ат басын тіреген мәртебелі мейман алдымен дәстүрімізге сай ақын рухына құран бағыштап, құрбандық шалды. Осыдан кейін Жәкең ғұмыр кешкен, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов қатарлы әдебиет алыптарының ізі қалған ғимараттың жиынжайына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқи­тын ұлт» жобасын жүзеге асыруға бағытталған «Жамбыл және өрке­ниетті ұлт» тақырыбындағы интеллектуал жастардың келелі кездесуі бастау алды.
Жиынды ашып, жүргізген жазушы, алаштанушы-ғалым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Елдос Тоқтарбай алқалы отырысқа келіп отырған қаламгер жастар мен аға буын өкілдерін таныстырып, талқыланатын тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды. Мынау алмағайып заманда еліміздің іргесін берік ұстап, тәуелсіздігіміздің тұғырын биік ету жолындағы ұлт зиялыларының міндеті, дарынды жастардың ата-баба аманатын орындау жолындағы тарихи миссиясы екенін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Осыдан кейін сөз тізгінін алған Мәлік Нұржанұлы алдымен жұртшылық­тың пікірі мен ұсынысын тыңдап, содан кейін өз ойын білдіруге ниетті екенін айтты. Осы ретте мінберге көтерілген «Жетісу» облыстық радиосының директоры, таяуда ғана «Бүкір» романы «Меценат» клубының жүлдесін жеңіп алған жазушы Есболат Айдабосын күн тәртібіне қойылған мәселе – жас қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен олардың әдебиеттегі орны мен міндеті турасындағы ойларын ортаға салды.
Таяуда ғана өткен Мәдениет күндері аясында Президенттің пәрменімен Алматы қаласынан екі бөлмелі жаңа баспанаға ие болған жас жазушы, аудармашы Нұрбек Нұржанұлы өзіне көрсетілген құрметтің болашақта атқарар шаруаларының кепілдемесі ретінде қабылдайтынын айта келіп, ел руханиятына қызмет етудің жауапкершілігіне тоқталып өтті. Ол өз сөзінде жазылып жатқан кітаптарды жастарға жақын ету үшін сандық жүйеге көшіріп, заманауи форматта ұсыну жайында ұсынысын білдірді. Ал Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, PhD докторы, тарихшы-ғалым Алмас Тоқсанбай жуырда Астанада өткен халықаралық симпозиумда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақ халқы «Алтын орда» мемлекетінің тікелей мұрагері екенін жалпақ жұртқа жария еткенін айта келіп, бұл тақырыптың илеуін келістіріп, икемге келтірген тарихшылардың еңбегі екенін жеткізді. Ол сонымен қатар әлемдік тәжірибені айта келіп, ұрпақ тәрбиесін жолға қою үшін балалар әдебиетін дамытудың, насихаттаудың, қолдаудың маңыздылығына тоқталды. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың режиссері, жазушы-драматург Жақсылық Мұратбек кино мен театр өнерінің, жалпы драматургия саласының бүгіні мен болашағы жайлы ойларын ортаға салып, хас өнерді заман талабына сай дамытудың жолдары жайлы пікірлерімен бөлісті.
Жиын барысында сөз алған ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері Қуат Қайранбаев бүгінгі қазақ киносындағы ұлттық ар-ұятымызға нұқсан келтіретін, арзан күлкі мен ойсыздыққа құрылған туындысымақтар мен радиодағы мән-мағынасы жоқ әндерді сын тезіне ала келіп, көгілдір экран мен әуе толқынын қоқыстан арылтатын кез келгенін жеткізсе, ақын Кәдірбек Құныпияұлы әлеуметтік желідегі қазақ халқының ар-намысына, қазақ әдебиетінің болмысына тіл тигізетін авторларды заң тұрғысынан жауапқа тартып, әділетті орнату қажеттігін баса айтты.
Өз кезегінде мінберге көтерілген Мәлік Отарбаев әр сөйлеушінің айтқан уәждері мен ұсыныс-пікірлеріне толық әрі жан-жақты жауап беріп, Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» жобасы, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы, «Алтын Орда» мемлекетінің мұрагері ретінде қазақ халқының тарихи рөлі турасында, осы орайды қаламгерлердің атқарар міндеті жайлы кең көлемде әңгімеледі.
Жамбылдың қара шаңырағында кезінде әнші-жыршылар жиналып, мереке-думан болып тұрғаны белгілі. Бұл жолы да осы дәстүр жалғасын тауып, ақынның шөбересі Бұлан Жамбыл мен аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің әншілері қонақтарға арнап әуелете ән шырқады. Мәлік Нұржанұлы басқосу барысында айтылған әңгімелер назарға алынып, нақты шешімдер қабылданатынын ескертті.


Өз тілшіміз
Жамбыл ауданы