Перейти к содержимому
Главная страница » «Таза бейсенбіде» ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті

«Таза бейсенбіде» ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қонаев қаласы 19-шағынаудандағы бұрынғы стадион аумағында «Таза бейсенбі» тазалық шарасы өтті. Бұл акция тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Облыс көлемінде апта сайын өткізілетін кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық іс-шарасына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, қала әкімі Асхат Бердіханов, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, мәслихат депутаттары, Базарбай Оралбаев бастаған шаһардың еңбек ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар, еріктілер қатысты. Бұрынғы спорт нысанының орнындағы алаңда тазалық жұмысын жүргізген олар бейберекет шашылып жатқан қалдықтарды жинап қаптарға салып, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Аймақ басшысы қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауды борышы санап бүгінгі шараға белсене атсалысқан жұртшылықа шынайы алғысын білдірді. Сонымен бірге игі істің жолындағы осы қарқын бәсеңдемей, алдағы уақытта қоршаған ортаны қорғау мен көгалдандыру жұмысы одан әрі күшейе беретінін жеткізді.


– «Таза Қазақстан» бағдарламасы – қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарламаның азаматтық жауапкершілікті арттыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайту және ортақ құндылықтарды дәріптеудегі рөлін үнемі атап өтеді. Көктемнен бері облыс аумағында 18 ірі сенбілік ұйымдастырылып, 10 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 5 мың гектердан астам аумақ тазартылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы облысы аумағында қалыптасқан үрдіс бойынша тазалық шарасы сенбіден бейсенбіге ауыстырылды. Соған орай әр аптаның осы күні таңертең бір сағаттай тазалық жұмысы жүргізілуде. Облыс орталығының көшелері едәуір тазарып, бұл игі шараның нәтижесі көрінуде. Бүгінгі шараға спорт мектебінің шәкірттері де қатысып отыр. Бұл бір жағынан тәрбие болса, екінші жағынан өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Қазір тазаланып жатқан бұл жер бұрын стадион болып, кейін жекенің қолына өткен екен. Облыс орталығында мұндай игерілмей қараусыз жатқан алқап болмауы керек. Сондықтан қала әкіміне жерді қайтаруға немесе Бас жоспарға сәйкес дұрыс жұмыс жүргізіліне тапсырма бердім. Мұнда бизнес нысаны немесе қоғамдық орын болуы тиіс, – деген Марат Елеусізұлы баршаны қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауға шақырды.


Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының бас маманы Алина Түсіпбаеваның айтуынша, барлық аудан мен қалада осындай тазалық шарасы өтуде. Өңір бойынша бүгінгі тазалық шарасына 20 мыңнан астам тұрғын қатысып, 300-ге жуық техника жұмылдырылған. 500 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 300 гектарға жуық аумақ тазартылған.


Алдағы уақытта «Таза бейсенбі» атты тазалық шарасы тұрақты түрде жалғасын таба береді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ