Соңғы жылдары Алатау қаласы аумағында тұрғын үйлерді, коммерциялық нысандарды салу немесе қолданыстағы ғимараттарға қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қажетті рұқсат құжаттарын алмай құрылыс жұмыстарын бастап кету жағдайлары жиі кездесуде. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу болып табылады.
Кейбір азаматтар алдымен құрылыс нысанын салып алып, кейіннен құжаттарын рәсімдеуге болады деп ойлайды. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын барлық бастапқы рұқсат беру құжаттарын алып, жобалық құжаттаманы әзірлеу міндетті болып табылады.
Ең алдымен жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың заңды түрде рәсімделгеніне және оның нысаналы мақсаты жоспарланып отырған құрылысқа сәйкес келетініне көз жеткізу қажет. Құрылысқа қажетті негізгі құжаттардың бірі – сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ). Болашақ құрылыс нысанының жобасы дәл осы құжат негізінде әзірленеді.
Жобалық құжаттамасыз құрылыс жүргізу заң талаптарын бұзып қана қоймай, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Жобалау барысында құрылыс нормалары, өрт қауіпсіздігі талаптары, санитариялық талаптар, инженерлік инфрақұрылым мәселелері және көршілес жер учаскелері иелерінің құқықтары ескеріледі.
Өз бетінше салынған құрылыс нысандары болашақта күрделі құқықтық мәселелерге әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, мұндай нысандарды жылжымайтын мүлік ретінде тіркеу, инженерлік желілерге қосу, сатып алу-сату, сыйға тарту немесе мұрагерлік рәсімдерін жүргізу қиындық тудырады. Кейбір жағдайларда заңсыз салынған құрылыстар сот шешімімен бұзылуы немесе заң талаптарына сәйкестендірілуі мүмкін.
Қалай кеңес алуға немесе уәкілетті органға жүгінуге болады?
Құрылыс салу, қайта жаңғырту, қайта жоспарлау немесе бастапқы рұқсат құжаттарын рәсімдеу мәселелері бойынша Алатау қаласының тұрғындары төмендегі жолдар арқылы жүгіне алады:
1. e-Өтініш цифрлық платформасы арқылы өтініш беру
Өтініште келесі мәліметтер көрсетілуі қажет:
- Т.А.Ә.;
- байланыс деректері;
- жер учаскесінің немесе нысанның мекенжайы;
- өтініштің мәні;
- қажет болған жағдайда тиісті құжаттардың көшірмелері.
Өтініш тіркелгеннен кейін қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімде ресми жауап беріледі.
2. Алатау қаласының әкімдігіне жазбаша өтініш жолдау
Азаматтар мен заңды тұлғалар Алатау қаласының әкімдігіне немесе сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті бөлімге төмендегі мәселелер бойынша кеңес алу үшін жазбаша өтініш жолдай алады:
- сәулет-жоспарлау тапсырмасын алу;
- эскиздік жобаны келісу;
- жер учаскесіне құқықтарды рәсімдеу;
- қайта жаңғырту және қайта жоспарлау жұмыстарын жүргізу;
- жеке тұрғын үй және өзге де нысандар салу.
Құрметті Алатау қаласының тұрғындары!
Құрылыс жұмыстарын, қайта жаңғырту немесе қосымша құрылыс жүргізуді бастамас бұрын барлық қажетті рұқсат құжаттарын алып, жобалық құжаттаманы әзірлеуді ұмытпаңыздар. Заң талаптарын сақтау сіздерді әкімшілік жауапкершіліктен, қосымша шығындардан және сот дауларынан қорғап қана қоймай, мүліктік құқықтарыңызды сақтауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі заңды құрылыс – ертеңгі қауіпсіздік пен сенімділіктің кепілі.
Нұрдос Сылдырбаев Алатау қаласының бас сәулетшісі
