Алматы облысының Ұйғыр ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын өрік фестивалі өтті. Шараға бағбандар, омарташылар, ғалымдар мен өңдеу өнеркәсібінің өкілдері, аудан тұрғындары қатысты. Фестивальде өріктің түрлі сорты мен одан жасалған өнімдер халыққа ұсынылды. Омарта шаруашылығы өнімдері, қолөнершілер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» тақырыбындағы ғылыми конференция өткізіліп, ғалымдар бақ шаруашылығын дамыту, сапасын арттыру және саланың болашағы жөнінде пікір алмасты.
Шонжы ауылдық округіндегі орталық стадионда өткен шара өңірдің аграрлық әлеуетін насихаттауға, өрік шаруашылығын дамытуға және ауданның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Фестивальге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді.
«Алматы облысында ауыл шаруашылығына қолайлы аймақтардың бірі Ұйғыр ауданы екені баршамызға мәлім. Дәнді-дақылдарды өндіруде үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Осы шара арқылы еларалық экономикалық қарым-қатынас артып, өңіріміздегі табиғи өнімдер кеңінен насихатталып, туризм саласы да дамып келеді. Бүгінгі күннің өзінде бірнеше өндіріс орындары өрікті шет мемлекеттерге экспорттауда. Болашақта сауда нарығы одан әрі дамитынына сенім мол. Өрік сапасын арттыру жолында ғылыми конференцияның ұйымдастырылуы – болашақ үшін маңызы зор қадам», – делінген хатта.

Қазіргі таңда өңір еліміздегі өрік өндірісі бойынша көш бастап тұр. Республика көлемінде жиналған 39 мың тонна өнімнің 70%-ға жуығы, яғни 27 мың тоннасы облыс шаруашылықтарына тиесілі. Өңірдегі жеміс бақтарының көлемі 10 мың гектарға жуық, оның 46%-ы – өрік алқаптары. Ал Ұйғыр ауданында 3200 гектарға жуық жерде өрік ағашы өсіріледі. Бақ баптаумен 542 шаруақожалық айналысады. Бүгінде 1098 гектар аумақтан 10431 тонна өнім жиналған. Орташа өнімділігі – 95 ц/га. Оның 7800-ден астам тоннасы ішкі нарыққа бағытталса, 2600 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталды. Ауданда «Никитинский», «Краснощекий», «Королевский», «Уйгурский» және «Шалах» сорттары басымдыққа ие. Алдағы уақытта таулы аймақтағы кештеу пісетін өрік түрлерін жинау басталады.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың айтуынша, өрік бүгінде ауданның бренді ретінде тіркелген. Фестиваль арқылы бақ шаруашылығымен айналысатын азаматтарға өнімді өткізуге, өңдеуге жол ашылады. Өрік өсіруді қолға алған бағбанның бірі, «Илтыз» шаруақожалығының басшысы – Армидин Таиров. «Біз ауданда түрлі дақылдарды егіп көрдік. Бірақ ең қолайлысы өрік болып шықты. 1998 жылы бағбандар қауымдастығын құрып, осы іске кірісіп кеттік. Кейін тәлімбақ ашып, көшетті өзіміз өсіруге кірістік. Қазіргі таңда бұл көшеттерді облыстың өзге де аудандарына жібереміз. Қарадалада өсірілген ағаштар 10 жылда 9 рет өнім береді. Бұл өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда көп», – дейді ол.

Шарада өз өнімін ұсынған Үлкен Ақсу ауылдық округінің тұрғыны Хасият Гожалимова фестивальге екінші рет қатысып тұрғанын айтып, игі бастама ауданның гүлденіп, көркеюіне зор ықпал ететінін әрі өнімдерін насихаттауға септігін тигізетінін жеткізді.
Өріктің жақсы өнім беруі бал арасына тікелей байланысты екені белгілі. Омарта шаруашылығын кәсіп еткен Ұйғыр ауданының тұрғыны Таңатар Әбдікерім фестивальде өз өнімін халыққа таныстырды. «Бұл іспен айналысып келе жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда шаруашылығымызда 40 омарта ұясы бар. Одан жылына 4 тоннадан астам бал алынады. Ең бастысы, біз экобағытты ұстанамыз. Яғни араларды химиялық заттармен дәрілемейміз және химиялық материалдарды, бояуларды қолданбаймыз. Біз үшін сапа басты назарда. Ара болған жерде өрік ағашы да жақсы тозаңданады. Бір күнде бір ара 5 мыңнан 10 мыңға дейін өрікке қонады. Сондықтан бағбандар мен омарташылар бірігіп жұмыс істеуі керек. Ал мұндай фестивальдер мен ғылыми конференциялар арқылы тың бастамаларды қолға алуға мүмкіндік туады», – деді омарташы.
Фестиваль аясында өткізілген конференцияда ғалымдар өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға бағытталған өз зерттеулерімен бөлісті. Ал бағбандар толғандырған сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауап алды. Алдағы уақытта бақ шаруашылығын зерттеумен айналысатын институттармен меморандумға отыру көзделуде. Бұл ғылым мен тәжірибені ұштастыруға зор мүмкіндік береді. Конференцияда сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлік пен бау-бақша шаруашылығын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
Фестиваль эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындаланды.
Өрік фестивалі мен ғылыми конференция жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табады. Алдағы уақытта ауданда жеміс-жидекті сақтайтын заманауи қоймалар мен өңдеу кәсіпорындарының инфрақұрылымын жетілдіру жоспарлануда. Сондай-ақ биылдан бастап халықаралық стандарттарға сай, Түркия елінен әкелінген өнімділігі жоғары сорттарды жерсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.
