Түрген шатқалы демалыс орнында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Түрген ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізілген тазалық жұмыстарына әкімдік қызметкерлері, қоғамдық жұмысшылар мен демалыс орнындағы демалушылар да атсалысты.
Қоршаған ортаның тазалығы – адамның денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр. Осы мақсатта ұйымдастырылған сенбілік барысында қатысушылар демалыс аймағының аумағын күл-қоқыстан тазалап, өзен жағалаулары мен тау етегін ретке келтірді. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылды.
Іс-шара барысында тұрғындар мен демалушыларға табиғатты аялау, қоршаған ортаны ластамау және экологиялық жауапкершілікті арттыру жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар табиғи аумақтардың тазалығын сақтауға ғана емес, азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға да ықпал етеді.
Түрген шатқалы – ауданның ғана емес, облыстың көрікті туристік орындарының бірі. Сондықтан оның табиғи келбетін сақтау – тек жергілікті тұрғындардың емес, сондай-ақ осында келіп демалатын әр туристің ортақ міндеті. Ұйымдастырушылар тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарап, тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырды. Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
