Балалардың жазғы демалысын жүйелі де мазмұнды ұйымдастыру — қашанда өзектілігін жоймайтын маңызды мәселе. Жазғы каникул — балалардың мектептегі сабақ үрдісінен алшақтап, еркіндікке бой алдыратын, өзі үшін қызықты істермен шұғылданып, жеке мүдделерін еркін дамытуға мүмкіндік алатын ерекше кезеңі. Осы орайда, демалыс уақытында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мемлекеттік тұжырымдамалық құжаттар негізінде, Жамбыл ауылындағы өнер мектебі жанынан «Жамбыл балдырғандары» атты жазғы алаңы ашылып, ауқымды жұмыстар атқарды.
Жазғы алаңның жұмысын сапалы жүргізу мақсатында арнайы күн тәртібі бекітіліп, жауапты мұғалімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жазғы алаңның алғашқы маусымына С.Созақбаева, Ж. Дүйсекенова, А. Мұхамедалиұлы, Т. Алтаева, А. Сейілханова, Ж. Болат және Д.Керім сынды білікті ұстаздар жетекшілік етті.
Балалар үшін жазғы демалыстың орны қашан да бөлек. Ал осы уақытты пайдалы әрі қызықты ету – жазғы алаң жетекшілерінің басты қаперінде болды. Осындай жауапты кезең біздің мектебімізде 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде бастау алып, жазғы алаңның салтанатты ашылуы 3 маусым күні жоғары деңгейде өтті. Алаңның атауын оқушылармен бірлесе таңдап, «Жамбыл балдырғандары» деп бекіттік
Жазғы алаңның жұмыс жоспары бес негізгі бағытты қамтыды. Атап айтсақ: «Азаматтық-патриоттық» бағыты аясында «Елім менің – Қазақстан», «Экологиялық еңбек» бағытында «Эко сана», «Отбасылық» бағытта «Отбасы – бақыт мекені», «Өлкетану» бағыты бойынша «Туған өлкем», «Рухани-адамгершілік» бағытында «Ізгілік шуағы» тақырыптарында тәрбиелік шаралар ұйымдастырылды.
Әр күні ерекше мазмұнға толы болған бүлдіршіндер ашық алаңда «Біз жүйрікпіз, шапшаңбыз!» атты спорттық ойындарға, «Шара апамдай бишімін» бишілер сайысына белсене қатысты. Ойын-сауықтан бөлек, білімдерін шыңдайтын интеллектуалдық сайыстар, «Туған елді бейнелейміз» асфальттағы сурет байқауы және «Кең байтақ өлкем» патриоттық әндер байқауы балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жазғы алаңның әрбір таңы ерекше рухта басталып, оқушылар топ басшыларымен бірге жазғы алаңның әнұраны мен ұранын асқақтата шырқап, «Флешмоб» биін қуана орындады.
Жазғы алаңның ең мазмұнды да тағылымды бөлігі – тарихи-өлкетану саяхаттары болды. Өскелең ұрпақтың бойына ата-бабалар мұрасына деген құрмет пен туған жерге деген сүйіспеншілікті ұялату мақсатында балалар бірнеше рухани ордаларды аралады. Алдымен, халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейіне танымдық саяхат жасалды. Мұнда оқушылар құнды жәдігерлермен танысып қана қоймай, Жамбыл атамыздың өлеңдерін нақышына келтіре, жатқа оқып, өздерінің шығармашылық ізденістерін көрсетті. Бұдан кейін балалар Қарақыстақ ауылындағы атақты ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-ескерткіш мұражайына ат басын бұрып, ақынның ғибратты ғұмырынан сыр шертетін экспонаттарды тамашалады. Сапардың тағы бір маңызды нүктесі – Қарасай ауданында орналасқан «Анаға құрмет» мұражайы болды. Көне дүниелерді жинап, тарихта ізі қалған аяулы аналардың есімін ұлықтайтын бұл рухани орталық балаларға үлкен әсер қалдырды. Оқушылар мұражайлардағы құнды жәдігерлер мен қолөнер бұйымдарын зор қызығушылықпен тамашалады.
Жазғы алаңның алғашқы кезеңінің жабылу салтанаты «Өнер сүйген өрендерміз» атты үлкен мерекелік концертпен айшықталды. Салтанатты шарада жазғы алаң қатысушылары өз өнерлерін ортаға салып, жаз бойы алған әсерлерімен бөлісті. Қоштасу сәтінде оқушылар мектепке және ұстаздарына деген жылы лебіздерін түрлі-түсті стикерлерге жазып қалдырып, қимастық сезіммен келесі кездескенше тарқасты. Желілі де мазмұнды ұйымдастырылған бұл демалыс балалардың есінде өшпес із қалдырғаны сөзсіз.
Айдина Космонқызы,
Жамбыл ауылындағы өнер мектебі
Директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
