Ұйғыр аудандық прокуратурасының бастамасымен ауданда «Қауіпсіз демалыс» акциясы өтті. Акцияға аудан мектептеріндегі белсенді ата-аналар мен ата-аналар комитеттері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, құқық қорғау мен білім, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары да қатысты.
Бұл шараның маңыздылығы да сол – басты мәселе балалар қауіпсіздігі. Жазғы демалысқа шыққан балалар арасында жыл сайын түрлі жағдайларға душар болатын деректер жиі кездеседі. Әсіресе суға шомылу, тауға шығу кездерінде оқыс оқиғалар орын алса, кейде улану мен дене жарақаттары да тіркеліп жатады. Балалардың демалыс кезінде бос уақытының көп болуы салдарынан интернеттен түрлі теріс бағыттағы сайттар мен қауіпті ойындарға кіріп, алаяқтардың арбауына түсетін кезеңдер де болады. Міне, осындай қауіптердің алдын алу мақсатында өткен іс-шарада ұстаздар мен ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмай, қауіпсіздігіне мұқият болуды сұрады.
Сондай-ақ санитариялық талаптарды сақтау мен бос уақыттарын тиімді пайдалану турасында да айтылды. Түнгі уақыттарда рейдтер жүргізіліп, ата-анасынсыз жүрген балалар үшін ата-аналар жауапқа тартылатыны да сөз болды.
Ата-аналар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын құзырлы орган қызметкерлеріне қойды. Әр сауалға мамандар тарапынан қанағаттанардықтай жауаптар алынды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
