Перейти к содержимому
Главная страница » Өткеннің өнегесі

Өткеннің өнегесі

Кейде тарихтың қойнауында қалған тағылымды тұлғалар туралы тың деректер күтпеген жерден алдымыздан шығып, өткенімізге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Осындай әсерлі сәттердің бірі – мектебімізде өткен Тұрсынбек Данапияұлымен кездесу болды.

Тұрсынбек ағамыз білім шаңырағына қызметтік шаруамен келген кезде, ел тарихына қатысты мол дерек білетін азамат ретінде оны оқушылармен кездестірсек деген ой келді. Бұл ұсынысымызды ағамыз бірден қолдап, уақытын бөліп, жастармен жүздесуге келісе кетті. Осылайша шақырып келтіре алмайтын құрметті қонағымызбен тағылымды әңгіме өрбіді.
Тұрсынбек Данапияұлы – кезінде осы аймақтың дамуына зор үлес қосқан Қанапия Жексембіұлының немере-бауыры. Ол жастармен сұхбат барысында елге қызмет етудің жарқын бір үлгісін әңгімесіне арқау етіп, өткеннің өнегесінен тағылымды ой қозғады. Нәтижесінде оқушыларымыз туған жер тарихымен тереңірек танысып, Ынтымақ ауылының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Қанапия Жексембіұлының өмір жолы мен еңбектері туралы тың мәліметтерге қанықты. Әсіресе қиын-қыстау заманда ел болашағы үшін аянбай еңбек еткен азаматтың тағдыры жастардың жүрегіне ерекше әсер қалдырды.
Өткенді ұмытпай, тарихи шындықты кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың азаматтық борышымыз. Осы игі іске үлес қосып, бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа жеткізген Тұрсынбек Данапияұлына мектеп ұжымы мен оқушылар атынан шынайы ризашылығымды білдіремін.

Қарлығаш Надырбекова,
Ынтымақ ауылындағы
С.Оспанов атындағы орта мектептің директоры
Жамбыл ауданы