Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту бағытында республикадағы жетекші медициналық ұйымдардың бірінен саналады. Мұнда жыл сайын 30 мыңнан астам науқас ем қабылдайды. Кардиохирургия, нейрохирургия, тамыр хирургиясы, омыртқа хирургиясы, травматология және ортопедия, урология, оториноларингология бойынша жоғары технологиялық оталардың 31 түрі жасалады. Бұл көрсеткішпен аурухана еліміз бойынша 3-орында тұр.
Биыл бес айда ауруханада 113 жоғары технологиялық ота сәтті орындалды. Олардың қатарында жүрек қақпақшаларын ауыстыру, кардиовертер-дефибриллятор және кохлеарлық имплант орнату, омыртқаға күрделі реконструктивтік операциялар, ми және мойын тамырларына эндоваскулярлық араласулар, ЭКМО, TAVI, қолқаға эндопротездеу және басқа да күрделі хирургиялық ем түрлері бар.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің тиімділігі нақты мысалдармен дәлелденуде. Жуырда Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері өміріне қауіп төнген науқасты экстракорпоральды мембраналық оксигенация (ЭКМО) аппаратының көмегімен аман алып қалды. Бұл – жүрек пен өкпе қызметі күрт бұзылған кезде қолданылатын ең күрделі әрі жоғары технологиялық емдеу тәсілдерінің бірі. ЭКМО науқастың ағзасын уақытша толық қамтамасыз етіп, дәрігерлерге негізгі ауруды емдеуге мүмкіндік береді.
Осындай күрделі медициналық көмектің өңірде қолжетімді болуы – аурухананың заманауи материалдық-техникалық базасы мен көпсалалы мамандар командасының кәсіби біліктілігінің нәтижесі. Әрбір жоғары технологиялық ота – тек медициналық жетістік қана емес, адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы алдағы уақытта да жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, жаңа емдеу әдістерін енгізу арқылы тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет көрсетуді жалғастыра береді.


