Әскери қызметте мергендік – жауынгердің кәсіби даярлығының маңызды көрсеткіштерінің бірі. 6654 әскери бөлімінің оқу пунктінде өткізілген атыс даярлығы сабағында жас сарбаздар өздерінің жауынгерлік машықтарын шыңдап, қаруды меңгеру деңгейін сынға салды.
Сынақ нәтижесінде қатардағы жауынгер Сәденов Ерулан Талантұлы үздік нәтиже көрсетіп, 30 мүмкін ұпайдың 30-ын толық жинады. Мінсіз көрсеткішке қол жеткізген ол оқу пунктінің «Үздік мергені» атанды.
Бұл жетістік – сарбаздың тиянақты дайындығының, жауапкершілігінің және әскери тәртіпке адалдығының айқын көрінісі. Қаруды дәл меңгеру – әрбір әскери қызметші үшін кәсіби шеберліктің маңызды өлшемі. Ал Сәденов Ерулан Талантұлының нәтижесі оқу пунктіндегі сапалы дайындықтың жемісі екенін дәлелдейді.
6654 әскери бөлімінде жауынгерлік даярлыққа ерекше мән беріледі. Әрбір сабақ сарбаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға, әскери шеберлігін жетілдіруге және Отан алдындағы жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған.
Үздік нәтиже көрсеткен жас сарбаздың жетістігі – өзгелерге үлгі. Мұндай табыстар әскери ұжымның жауынгерлік рухын көтеріп, әскери қызметтің абыройын асқақтата түседі.
6654 әскери бөлімінің баспасөз қызметі


