Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойы еліміздің әр өңірінде кеңінен аталып өтуде. Осыған орай Райымбек ауданындағы Шалкөде жайлауынан шамамен жеті шақырым қашықтықта, тау басындағы «Жетімкөл» маңына ескерткіш-тақта орнатылды. Бұл көл Мұқағали Мақатаевтың әйгілі «Аққулар ұйықтағанда» поэмасына арқау болған.
Игі бастаманы өлкетанушы Мүлік Исабеков көтеріп, «Елтану-өлкетану» тобының мүшелері бірауыздан қолдаған. Сөйтіп Мүлік Исабеков, Алғазы Рақымбаев, Алмасбек Нөкербанұлы, Болат Сәрсенбай бастаған топ сапарға шығады. Оларға Қарасаз ауылдық округінің әкімі Ұлан Сәрсенбаев қолұшын береді. Жергілікті азаматтардың көмегімен Шалкөде жайлауына құрылыс материалдары жеткізіліп, ескерткіш-тақта орнату жұмысы сәтті аяқталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама – тек естелік белгі емес, сонымен бірге жас ұрпаққа Мұқағали мұрасын, туған жердің қасиетін танытатын тағылымды іс. Бұған дейін де аталған топ өңірдегі тарихи орындарға ескерткіш белгілер орнатып, өлкетану бағытында бірқатар игі жобаны жүзеге асырған.
«Елтану-өлкетану» тобы Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр ауданы азаматтарынан құралған. Олардың арасында өлкетанушы, тарихшы, сондай-ақ мұғалімдер де бар. Мұқағали шығармасына арқау болған Жетімкөл ел көзінен тасада жатыр. Біздің мақсат – осы көлді елге танытып, тарихи бір нысан ретінде жаңғырту – дейді өлкетанушы Болат Сәрсенбаев.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы


