Қонаев қаласында қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес «Кернеу-К» ЖШС мердігер ұйым болып айқындалған. Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚТЖ» АҚ. Жаңғырту жұмысының нәтижесінде ғимараттың көлемі екі есеге жуық ұлғайған.
Салтанатты шараға жиналған дүйім жұртты қала әкімі Асхат Бердіханов жаңарған ғимараттың ашылуымен құттықтады.
– Теміржол вокзалы – қала үшін аса маңызды инфрақұрылымдық нысан. Ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етіп келген ғимарат бүгін заман талабына сай жаңартылып, жаңа келбетке ие болды. Облыс орталығы мәртебесі берілгеннен кейін шаһарда инфрақұрылымды дамыту басым бағытқа айналды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында облыс әкімінің қолдауымен вокзал толық жаңартылып, инженерлік жүйелері заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалды, – деген Асхат Ермекұлы жаңартылған вокзал қаланың дамуына серпін беріп, тұрғындар мен қонақтарға сапалы қызмет көрсетеді деп сенетінін жеткізді.
Келесі кезекте «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы магистральдық желі дирекциясы Алматы бөлімшесінің директоры Нұрым Жаниязов вокзалды жаңғырту бұл нысанның көлік инфрақұрылымын дамытуға арналғанын және қала мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосатынын атап өтті.
Ашылу рәсімінде «Кернеу К» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің басшысы Қанат Мұсабеков «Қапшағай» стансасының басшысы Мақсат Месебаевқа символикалық кілтті табыстап, Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаев ақ батасын берді. Одан кейін Асхат Ермекұлы мен темір жол саласының ардагері Айжамал Азбергенқызы салтанатты түрде жаңарған ғимараттың лентасын қиды. Ұлттық дәстүрге сай әжелер шашу шашқан соң ғимарат табалдырығын аттаған жұртшылық күту залын, ана мен бала бөлмесін, медициналық пунктті, билет кассасын және тағы басқа бөлмелерді аралап көрді.
Жаңа вокзал жолаушыларға заманауи қызмет көрсететін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды орталық болмақ. Сондай-ақ туризмнің дамуына да тың серпін беретіні анық.
Күнтуар БАҚТЫБАЙҰЛЫ


