Перейти к содержимому
Главная страница » Жүрегімнің төрінде

Жүрегімнің төрінде

Астана өмірімнің бөлшегіне, тағды­рым­ның тарауына айналды десем, артық айтқаным емес. Елордамыз туралы сөз болғанда көкі­регімді ерекше мақтаныш сезімі кернеп, бойымды жылылық тер­бейді. Астана мені өзіне шексіз ғашық еткен, сәулеті мен сәні жарасқан, тарихы мен тағылымы терең қала. Ол – тәуелсіз Қазақстанның асқақ арманы мен өр рухының бейнесі.

Мен Астананың тұрғыны болғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Себебі таңертең көзімді ашқанда алып шаһардың күн сайын жаңарған келбеті жаныма жылулық сыйлайды. Оның кең көшелерімен жүріп, еңселі ғимараттарына көз тастап, қайнаған тіршілігін сезінген сайын еліміздің ертеңіне деген сенімім арта түседі. Әр көше, әр даңғыл, әрбір сәулетті нысан тәуелсіздіктің тынысын, еліміздің ынтымағы мен ырысын танытып тұрғандай әсер қалдырады. Менің қалам аз ғана уақыттың ішінде әлем назарын өзіне аударды. Кеше ғана Сарыарқаның төсіндегі шағын шаһар болса, бүгінде заманауи сәулет өнерінің жауһарына айналды. Мұнда ұлттық нақыш пен әлемдік архитектура үндесіп, болашаққа ұмтылған елдің биік мұраты айқын көрінеді. Бұл қаланың әрбір ғимараты – елдің өркендеуінің белгісі, әрбір жаңа нысаны – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Қала күн сайын өзгеріп, жаңарып келеді. Жыл сайын бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, заманауи медициналық орталықтар мен мәдениет ошақтары тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, бас қаланың тұрғындары үшін өркениеттің өзегін көрсетуде.
Көлік инфрақұрылымы жетілдіріліп, қоғамдық кеңістіктер көбейіп, жасыл белдеу жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бүгінде интеллектуалды технологиялар енгізіліп, цифрлық қызметтер дамып, тұрғындарға қолайлы «ақылды қала» жүйесі қалыптасып келеді. Осындай өзгерістердің бәрін өз көзіңмен көріп жүргеннің өзі үлкен қуаныш. Елордамыз – ғылымның, білімнің, мәдениет пен өнердің, спорттың, инновацияның орталығы. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген талапты жастар білім алып, арманын жүзеге асыруда. Әлемнің әр елінен келген қонақтар қазақ елінің жетістігін, халқымыздың қонақжайлығын ең алдымен осы қаладан көреді. Сондықтан Астана – Қазақстанның әлемге ашылған алтын қақпасы. Қалада тұратын әрбір адамның жүрегінде Елордаға деген ерекше сүйіспеншілік бар деп ойлаймын. Себебі бұл шаһар бізге тек жайлы өмір сүруге мүмкіндік беріп қана қоймайды, ол бізді еңбекқорлыққа, жаңашылдыққа, үлкен мақсаттарға ұмтылуға тәрбиелейді. Астананың қарқынды ырғағы адамды алға жетелейді. Мұнда әрбір жаңа таң жаңа мүмкіндікпен басталады.
Мен балабақшада тәрбиеші болып еңбек етемін. Күн сайын кішкентай бүлдіршіндерге бас қаламыздың тарихы мен тағылымын, тәуелсіз еліміздің жүрегі – Астананың маңызын айтып беруден еш жалыққан емеспін. Қуантатыны – балапандар да Елордамызды ерекше сүйіп, жүректеріне Астанаға деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті кішкентай кезінен-ақ сіңіріп келеді. Бас қаламыз – өткен мен келешекті жал­ғаған алтын көпір. Мұнда бабалардың арманы мен бүгінгі ұрпақтың мақсаты тоғысқан. Осы қалаға қарап, тәуелсіздіктің қадірін, бірліктің күшін, еңбек пен ізденістің нәтижесін анық көруге болады. Сондықтан Елорданы сүю – туған елді сүюдің бір көрінісі деп білемін.
Менің Астанаға деген махаббатым күн өткен сайын арта береді. Себебі бұл қала маған үміт сыйлайды, жігер береді, шабыттандырады. Оның әрбір таңы – жаңа бастаманың, әрбір кеші – жасалған еңбектің куәсі. Астана әлі талай тарихи жетістіктердің, халықаралық бастамалардың және халқымыздың жарқын болашағының алтын ордасына айнала беретініне сенімім кәміл. Біз үшін Астана – тек бас қала емес, ол – ұлттық мақтанышымыз, мемлекетіміздің мәртебесі.

Ақжарқын Асылбек
Астана қаласы