Перейти к содержимому
Главная страница » Ветеринария қызметкерлері спорттық жарыста бақ сынады

Ветеринария қызметкерлері спорттық жарыста бақ сынады

Балқаш аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ветеринария саласы қызметкерлері арасында облыстық спорттық спартакиада өтті. Салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және әріптестер арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен жарысқа облыстың әр ауданынан келген ветеринария саласының мамандары қатысты.Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов пен облыстық ветеринария басқармасы басшысы Бауыржан Дәрібаев жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, барлық командаға сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудан басшысы Азат Үкітайұлы мұндай жарыстардың сала мамандары арасындағы бірлікті бекемдеп, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызына айрықша тоқталды.Одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтерілді. Бұдан соң жарыстың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ететін төрешілер алқасы таныстырылып, спартакиада өз бастауын алды.Облыстың түкпір-түкпірінен келген ветеринария саласының мамандары футбол, волейбол және гір тасын көтеру сайыстары бойынша өзара мықтыны анықтады. Әр жарыста қатысушылар жоғары дайындықтарын байқатып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.Жарыс қорытындысы бойынша футболдан 1-орынды Жамбыл ауданының командасы жеңіп алды. Балқаш ауданы 2-орынға ие болса, үздік үштікті Ұйғыр ауданының спортшылары түйіндеді.Волейболдан Балқаш ауданының командасы қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал 2-орынды Кеген ауданы, 3-орынды Райымбек ауданы иеленді.Гір тасын көтеру сайысында Райымбек ауданының намысын қорғаған Айбек Берікбай үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.Осылайша Балқаш ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылған облыстық спартакиада өз мәресіне жетіп, ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби байланысын нығайтып, бұқаралық спортты дамытуға серпін берді.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы