Перейти к содержимому
Главная страница » Домбыра – ұлттың үні

Домбыра – ұлттың үні

Қонаев қаласында Ұлттық домбыра күніне орай қазақ халқының мәдениетіне деген құрметті арттырып, рухани құндылықтарды кейінгі буынға насихаттауға бағытталған тағылымды шара өтті. Мерекелік кеште қазақ халқының ұлттық мұрасы – домбыраның қадір-қасиеті, күй өнері мен халық музыкасы кеңінен дәріптелді. Оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Облыс орталығындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта ұйымдастырылған шарада аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйлеп, елдің еңсесін көтеретін мерекенің маңызына тоқталды. 2018 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып белгі­ленгенін айтып, содан бері жыл сайын аталып келе жатқан бұл мереке ұлт руханияты төрінен лайықты орын алғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне орай: «Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ ұлы дала дәстүрін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз», – деген болатын.
Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен бүкіл болмыс-бітімі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын ен жайлаған халқымыздың сан ғасырлық шежіресі, ішкі жандүниесі жатыр.
Өздеріңізге белгілі, 1 шілдеден бастап жаңа Конституциямыз күшіне енді. Жаңарған Конституцияда Қазақстан Республикасының азамат­тары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарихи-мәдени ескерткіштерге ұқыпты қарауға міндетті екені атап көрсетілген. Ата Заңның қорғауында болған ұлт құндылығының ғұмыры мәңгі болмақ», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ былтыр ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен даңқты жерлесіміз, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы да домбыраның мәртебесін асқақтата түскеніне тоқталды. Ұлы композитор салған осы сара жол бүгінде өңірімізде лайықты жалғасын тауып келеді.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде күй өнерін дамыту мақсатында үйірмелер өз жұмысын жоспарлы түрде атқаруда. Биылдың өзінде өнерпаздарымыз Қытай, Марокко, Франция, Түркі елдерінде өткен шараларда ұлттық әуендерімізді домбыра аспабымен асқақтатып, көрерменді тамсандырып қайтты. Бұл халықаралық тәжірибе жас таланттардың шығармашылық өсуіне жол ашып, аймақтағы дәстүрлі өнер мектебінің іргетасын бекіте түсті.
Шарада көрерменнің құлақ құры­шын қандырып, өнерсүйер қауымды сүйсінткен композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек Қонаев қаласын думанға бөлеген кеш көңілінен шыққанын айтты.
«Домбыра күні арнайы мереке болып бекітілгеннен бері домбырашы жастардың көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Бұған қарап біз де марқайып, шабыттанып қаламыз. «Кіндікте бұлақ бұлқынса, көгілдір көлің қатпайды» демекші, сол жас буынға қарап, ертеңгі күнге деген сенім ұялайды. Дегенмен домбыраның қасиеті туралы тек мерекеде ғана еске алуға болмайды. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, әр күні ұлттық аспапты қастерлеп, төрде ұстау керек. Сонда келер ұрпақ өзі-ақ домбыраның күмбіріне көңіл түріп, ұлықтап өтетін болады», – дейді әйгілі күйші.
Шарада домбыраның жасалуы бойынша шеберлік сағаттары да өтті. Мәселен, ұлттық саз аспаптарын дайындаумен айналысатын Қуанышбек Рахманұлы бұл істі қолға алғанына 20 жылдан астам уақыт болғанын айтты. «Әр өңірдің аспабын сол маңда өсетін ағашпен жасаған дұрыс. Себебі табиғат үндестігі дыбыстың жақсы шығуына ерекше ықпал етеді. Айта кетерлігі, біздің Тянь-Шань шыршасынан жасалған аспаптың дыбысы мінсіз шығады. Бұл дүниежүзінде мойындалған. Дегенмен қазір әлемдегі ең сапалы материалдарды алуға толығымен мүмкіндік бар. Көпшілігі «Домбыраға сұраныс қандай?» деп сұрап жатады. Қазақ бар жерде әрқашан домбыра бар. Әрбір баланың қолында бір домбыра болуы тиіс. Сондықтан ұлттық аспап шеберлері әлі де көбеюі керек», – дейді ол.
Концерттік бағдарламамен айшық­талған кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, «Алатау серілері» тобы, «Ақ жауын» камералық оркестрі және Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнер­паздары көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Олар ұлттық өнердің өн бойыңды шымырлататын шығар­маларын орындап, тыңдарманның талғам-талабын тереңдете түсті.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы