Талғар қаласындағы форель шаруашылығы қазақ-қырғыз жастарының диалог алаңына айналды. Асқар Алатаудың айбыны мен ақ қарлы шыңдары айқын көрінетін әсем табиғат аясында орналасқан дәл осы демалыс орнында «Қазақстан-Қырғыз Digital: Nomads Sana&Future» форумы өтті. Бұл шара осымен үшінші жыл қатарынан екі елдің белсенді жастарының басын қосты. Биыл форумға жас көшбасшылар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен IT-қауымдастықтардың өкілдері жиналды.
Туысқан екі ел жастарының қазірдің өзінде дәстүрге айнала бастаған басқосуын Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті ұйымдастырды. Бұқаралық маңыздылығы жағынан үлкен шараға қатысқан осы комитет төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов сандық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында жастардың сандық қауіпсіздігі, лудоманияның алдын алу, сыни ойлау және digital-контентті жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыру мәселелері ерекше өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жастар сандық ортамен тұрақты байланыста. Бұл – жаңа мүмкіндіктермен қатар сандық тәуелділіктің, соның ішінде ойын және беттинг – тәуелділіктің (ставкалар саласындағы лудомания) пайда болу қаупін тудырады. Осыған байланысты мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыты – сандық технологияларды саналы және қауіпсіз пайдалану мәдениетін ілгерілету, сондай-ақ жастар арасында digital wellbeing (цифрлық әл-ауқат) дағдыларын дамыту болып саналады. Аталған форум сандық дәуірдің қазіргі заманғы сын-қатерлерін талқылау, тәжірибе алмасу, лудоманияның алдын алу, сандық мәдениет және жасанды интеллект технологияларын жауапкершілікпен пайдалану саласында бірлескен бастамаларды әзірлеу үшін халықаралық жастар алаңына айналып келеді.
– Жалпы сандық жүйе жақсы, сонымен бірге түрлі топтардың мүддесінде белгілі бір түйткілді мәселелер бар. Олар осы құралдар есебінен жастарды заңсыз әрекеттерге тартады. Олар – лудомания, дропперлік, нашақорлыққа байланысты болуы мүмкін. Сондықтан тиімді шаралар мен қажетті жобаларды қабылдау және оларды іске асыру мақсатында осылай пікір алмасу жөнінде шешім қабылдадық, – деді өз сөзінде Біржан Әлімжанов.
Тек пікірталастар өткізуді ғана емес, сонымен бірге жастарды практикалық шешімдер мен бірлескен жобаларды әзірлеуге тарту арқылы нақты әрекет ету дағдыларын қалыптастыруды мақсат тұтқан форумның жұмысы екі күн бойы жалғасты. Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар цифрлық мәдениетті дамыту, ЖИ технологияларын енгізу және заманауи мамандықтардағы IT-құзыреттіліктердің маңыздылығын талқылады. Форумның мәні формалды пікір алмасу аясынан шығып, сандық технологиялардың нақты жағдайды қалай өзгертетіні және болашақтың кәсібіне қандай дағдылардың енуі туралы жан-жақты диалогқа айналды. Шара «Форум плюс жастар шешімдері зертханасы» форматында өтті.
Шарада Қырғызстан Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі басқармасының бастығы Бақай Қожомқұлұлы сөз сөйледі. Бір атап өтерлігі, ол ондаған минут бойы бар ойын, деректер мен ұсыныс-тілектерін қағазға қарамай, іркілместен және нағыз шешендерше әсерлі әрі ұғынықты жеткізді. Осының өзі Адамзаттың Айтматовы дүниеге келген туысқан елде шоң жас көшбасшылар өсіп келе жатқанын көрсететіндей дерек іспетті.
– Бізді туысқан екі ел ретінде бауырластық қана емес, ортақ тарих, мәдени тамырлар, рухани құндылықтар және ғасырлар бойғы мызғымас достық байланыстырады. Бүгінгі форум – тату көршілік және достық-бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға, инновациялар, ЖИ және ақпараттық технологиялар саласындағы жастар стратегиясын әзірлеуге бағытталған. Елдің даму ісіне жастардың қосар үлесі өте зор және екі елде де дерлік бірдей деңгейде. Біздің міндетіміз – тәжірибе алмасу үшін алаң ашу, жаңа идеяларды енгізу және оларды толыққанды форматта іске асыру. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Олар 2025 жылы өткен және 1200-ден астам ерікті қатысқан «Халықаралық көшпенділер ойындарында» өздерін өте белсенді әрі тиімді көрсетті.
2025 жылы «SCO Youth Dialoge» форумы да дәл осындай белсенді форматта өтті. Ол жас таланттар мен жігерлі басшылардың, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің достығын нығайтуға зор ықпал етті. Биылғы маусым айында Алматыда «Алматы – түркі әлемінің жастар астанасы» жобасы аясында жазғы лагерь ұйымдастырылды. Оған Өзбекстан, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты – тегі, тарихы, мәдениеті, тілі мен ділі бір туысқан елдердің жас көшбасшылары қатысты, – деді Алатауды асып келген айыр қалпақты бауырымыз.
Халықаралық форумдағы теориялық пікірталастар мен жобаларды талқылау аясында Айти-фирмалардың жетекші басшылары да өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, «Almaty Hub» білім беру және бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры Бексұлтан Нұрақын «Astana Hub» инновациялық кластерінің стратегиялық мақсаттары туралы айтып берді. Бұл кластердің басты мақсаты – стартап-мәдениетті дамыту және ел экономикасын нығайту үшін инновациялық IT-жобаларды қолдау. Ал «QazTrackers» компаниясының негізін қалаушы Мирас Тұрсынәлиев мал шаруашылығын мониторингтеуге арналған жаңа цифрлық платформаны таныстырды. Бұл жүйе ақылды датчиктер, жасанды интеллекті бар камералар және сараптаудың көмегімен фермаларды басқаруға көмектеседі, сондай-ақ несиелеу мен сақтандыру үшін шынайы деректерді ұсынады. Белгілі кәспкер Тимур Турлов компанияны 2 миллион долларға бағалап, «QazTrackers» компаниясына екі рет инвестиция салған.
Шара барысында «InnMedia» компаниясының негізін қалаушы Teymur Kuseba медиа өндірісінің толық циклін автоматтандыратын жаңа жобасын ұсынды. Ол дереккөздердің мониторингінен бастап, материалды мәтін, аудио, сурет және бейнежазба форматында 9 минутқа жетпейтін өте аз уақыт ішінде дайындайды. Компания Әзербайжандағы технологиялар туралы айына 120 мың аудиториясы мен бірегей оқырмандары бар «№1 Tech Xawar» порталын басқарады. Ол ТМД-да алғашқы Al-журналист мемлекеттік аккредитациясын және 150 мың доллар «Microsoft Azure» грантын жеңіп алған.
Екі елдің сандық болашақты бірге қалыптастыруға ұмтылған алғыр да білімді жастарының басын қосқан халықарлық форум тек іскерлік күн тәртібімен ғана шектелген жоқ. Форумның екінші күні этнофестиваль ұйымдастырылып, қатысушыларға Алматы облысының туристік інжу-маржандары жан-жақты таныстырылды. Жалпы форум нәтижесінде бірлескен жобалар пайда болмақ. Ол арқылы цифрлық болашақтың негізі қаланады.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы


