Перейти к содержимому
Главная страница » ЖАС САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

ЖАС САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Жауынгерлік Ту салтанатты түрде сап түзеген сарбаздардың ортасына әкелініп, Мемлекеттік Гнмн орындалғаннан кейін ант қабылдау рәсімі басталды. Біркелкі форма киіп, түп-түзу сап түзеген Қызылорда, Жамбыл, Жетісу облыстарынан әскер қатарына алынған 89 жас сарбаз кезегімен келіп, салтанатты түрде ант қабылдады.
Келесі кезекте әскери бөлім командирі Әлем Тасмағамбетов, Алатау қалалық ішкі саясат бөлімнің басшысы Ардагер Өркенұлы, сала ардагері Бекзат Махатов пен кезегімен сөз алып, Отан алдындағы борышын ресми түрде өтеуге кіріскен жас сарбаздарды құттықтап, оларыдң өмірлеріңде ерекше есте қалар сәтте патриоттық рух беретін жалынды сөздерін арнады.
Сонымен бірге ата-аналар да перзенттерінің ел қорғауға басқан қадамдарына құтты болсын айтып, ақжарма тілектердің тиегін ағытты.
Қызылорда облысы Байқоңыр қаласынан келген Азамат Қайратұлы есімді сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, тапсырмаларды бұлжытпай орындайтындарына ант қабылдаушы сарбаздар атынан уәде берді.
Сарбаздардың әскери өнерді қалай меңгеріп жатқандықтарын паш еткен көріністері салтанатты шараның ең бір елеулі де есте қалаларлық сәті жас болды десек, артық айтқандық болмас. Бұл көрініске куә болған қонақтар мен ата-аналар сарбаздардың тәртіпке бейімделіп, әскери өнерді әжептәуір меңгеріп қалғандықтарына таңданыстарын жасырмады. Сонымен қатар жауынгерлердің қоян қолтық ұрыс әдістері және саптық- қару жарақпен түрлі жаттығулары көпшілік назарына ұсынылды.
Ант қабылдау рәсімінен кейін әскери бөлім басшылығы ата-аналар жүздесіп, балаларының бір жыл ішінде қандай әскери қызмет атқаратыны жөнінде хабардар етті. Сонымен бірге сарбаздардың ата-аналарымен қалай байланысқа шығатыны және баласына жолығу мақсатында әскери бөлімге келудің тәртібін түсіндірді.
Ата-аналар сарбаздардың асханасын көріп, ас мәзірлерімен танысты.